МҰХТАР ШЕРІМНІҢ 50 ЖЫЛДЫҚ

 МЕРЕЙЛІ ТОЙЫНА АРНАУ

 

Шуақ берген өңірге,

Нұрың жанған Мұхтарсың!

Қуат берген өмірге,

Жырың тамған Мұхтарсың!

 

Сатираның семсерін,

Қынға салған Мұхтарсың!

Жайын ауыз жемқорды

Сынға алған Мұхтарсың!

 

Жақындарға аяулы,

Шапағат болған Мұхтарсың!

Жан–жарыңа баянды,

Махаббат болған Мұхтарсың!

 

Елу жасқа ерулеп,

Ерлеп жеткен Мұхтарсың!

Асқаралы биікке,

Терлеп жеткен Мұхтарсың!

 

Отбасының лаулаған,

Жүрегі болған Мұхтарсың!

Ұл–қызыңнынң баулыған,

Тірегі болған Мұхтарсың!

 

Қайраты қайтпас қуатты,

Өктем болған Мұхтарсың!

Мерей тойда шуақты,

Көктем болған Мұхтарсың!

 

Бақыт–байлық озғаның,

Түгенделген Мұхтарсың!

Жазмыштың бар жазғанын,

Түгел көргін, Мұхтар сен!!!

 

Абдуллаһ ХАЛИЛА, досың,

ақын, сатирик, Шымкент қаласы.

 

 

 

 

САТИРА АРБАСЫ

Жазарың жұқармасын
Тіліңіз мұқалмасын.
Тарта бер шаршамастан
Сатира-сын арбасын.

Аман МІНДЕТ. (Фейсбуктан.)

 

ШЕРАҒА!

«Жəрмеңкеңіз» құтты болсын,
Мықты Мұхтар Шераға !
Қазағыңа əркез тынбай,
Əзіліңді тарту етіп, бер аға !
Баяғыда «Тамашаны»

Гүлдендіріп жүрдіңіз,
Қуанышпен қошеметтеп,
Мəз болдық та күлдік біз.
Əзіліңіз шыға берсін,
Қызықтырып үздіксіз
Қуаттайтын əрқашанда
Қолдап жүрер сіздік піз !

Жеңіс Тоқтамысов: Қадірлі де, құрметті Мұхтар інім!
Сатира әлемінде алғаш атың көрінген сәттен-ақ әдемі әзіл, уытты әжуә, өткір қалжыңға бай шұрайлы шығармаларыңмен танысып, талантыңа тәнті болған оқырман ағаларыңның бірімін. Бүгінгі дос болуға жолдаған тілегіңді оқығанда көктен іздегенім жерден табылғандай риясыз қуандым! Осы қуаныш табанасты шабытымды оятып, өзіңе деген ниетімді өлеңмен жеткізуге еріксіз итермеледі. Кемшілігіне кешіріммен қарап таза көңілмен қабыл алғайсың?
Сәлеммен, замандас ағаң Жеңіс Тоқтамысов.

Көңілдерді күлкімен көтеретін,
Төккен тері әзілмен өтелетін.
Өтпей жүрген қыздардың жалыз басын,
Батамен-ақ бір жазда екі ететін!

Нысанаға атқаны дөп даритын,
Алаяққа қаламы шоқ қаритын!
Сатирада Мұхтардай сарбаздар аз,
Тілі-семсер, лебізі-от па дейтін!

Майын ішкен у тілді "Араның" да,
Сиқыры бар қуатты қаламында!
Санитары қоғамның қырағы көз,
Сатириктің ңұр жаусын талабына!

Ж.Т.(Фейсбуктан. 2017 жыл, 30 наурыз.)

 

 

КҮЛКІНІҢ СНАЙПЕРІ!

Жетелеп Шымкентке шын ой мені,

Сатирик ағамызға былай деді:

–Елудің тоғызы құтты болып,

Жасай беріңіз, күлкінің снайпері!

Нұрсұлтан ОҚПАНҰЛЫ.

 

ҚАЗАҚТЫҢ ШЕРІМІ

Қазақтың Шерімі -
Қалжыңның керімі!
Әзіл мен сықағы -
Көңілдің серігі!

Шерімнің Мұхтары
Талантын нықтады!
Юмормен өзінің
Жазылмас жұптары!

Шын күлкі - қорғаным,
Күлмесем - болғаным!
Оқырман - орманың -
Көбейсін томдарың!

 

Әміржан ҚОСАНОВ,

КЕВАТРЫМ...

Интернетте,

Бір қызбен таныстым,

СМС жазып,

Хат-хабар алыстым...

Сондағы оның жазғаны-ай,

Көңілімнің қалғаны-ай:

“Үйге қазір кеватрым,

Подругама”пока...”

Деватрым...

Қарным ашқан екен,

Вермишель жеватрым..

Ваще,өзің қалайсың,

Менімен танысқан,

Сен де жарайсың...

Бүгін кешке

Болсын есте,

Кафеде кездесейік,

“Сіз” деп сызылмай,

Сыразым “сен” десейік!

Айтпақшы,

Келмей қалып,

Қуып кетпе,

Махаббатың  нөл болып,

Суып кетпе!”

Осыдан кейін...

Не дейін?

Мен де бірдеңе

Деватрмын...

Сол қыздың көзін шұқу үшін

Кеватрмын...

«КӨКЕМ КӨРСЕТЕДІ!»

Бір–біріне  «пах!» етті,

Тасыр–тұсыр, тақ етті,

Артынан  бірі шиқылдап...

Қаңғыр–күңгір шақ етті...

Ыңырсып, бірі «бақ» етті,

Есігін ашып еді,

Тағы бірі жалп етті...

Көліктер  өстіп «сүйісіп»,

Тұмсықтары түйісіп,

Бірі жанып кетті,

Ішінде бес адам

Құдай–ай, түрі жаман...

Ыңырсып, қалып кетті!

Ал, кінәлі макүнемді,

МАЙ–лар алып кетті...

«Көкеме айтып, көрсетем!

Көкеме айтып көрсетем!»

Деген мас бала,

Жас бала,

Талайды өлтіріп, масқара...

Ойбайды салып кетті...

Арынан кекеш «көкесі» келіп,

Миымызды шағып кетті!

 

ҚАТЫП КЕТТІ...

Теледидардан көріп жүрміз,

Жаңалықтардан «өліп» жүрміз:

–Атып кетті,

Сатып кетті,

Бес бала суға

Батып кетті,

Әкімдер шатып кетті,

Бес әйел ашығып,

Көшеде жатып кетті...

Осындай «жаңалықтардан»

Өмір шіркін «қатып» кетті!

Қысқасы, «мандраж» боп,

Миымыз ашып кетті...

ШІРКІН-АЙ...

 

Шіркін–ай,

«ҚазМұнайГаз» алдамаса,

«Бензин қымбаттамас» деп

Қара жұртты арбамаса,

Қысқасы,

Шенеуніктерге «қиын болса,

Бензиннің бағасы...

05 тиын болса!

 

АЙТАЙЫН БА?

 Қырға бардық,

Ойға бардық,

Не керек, сол күні кешке,

Тойға бардық...

Құдағи-құда көрінбей,

Әжептеуір ойға қалдық...

Ішіп отырмыз,

Өзімізше «ісіп» отырмыз...

Кішкентайым:

«Банан» деді.

Үлкенім ананы жеді,

Мынаны жеді...

Әйелім қазы-қарта жеді,

Жеді де былай деді:

–Қой, орнымыздан...

Тұрайық,

Құдалар қайда?

Үйленген жастар қайда?

Қисалаңдаған мастар қайда?

Әне біреуден сұрайық...

–Кешіріңіз,

Кім еді есіміңіз?–деп

Тұра қалдым,

Асабасы Айбек екен,

Бәрін бәрін сұрап алдым.

Сөйттім де,ойға батып,

Қысқасы, құдай атып...

Ұстап тұрып жағамды,

Әйелім, бала-шағамды,

Далаға ала қаштым,

Ұяттан от болып,

Біртүрлі «шоқ» болып,

Бетті бастым!

Айтайын ба?

Әдірестен «іріп» кетіппіз.

Байқамай,

Сүндет тойға кіріп кетіппіз!

 

КӨЗІМ «ІРІҢ» ЕКЕН...

Аялдамадан...

Бір қыз көрдім,

Көрдім де,

Ғашық болып, «Өлдім»...

«Сыразм» танысқым келді,

Танысып тұрып,

Қол алысқым келді...

–Қарындас,

Темекі шегесіз бе,

«Сібідәние» шақырсам,

Кешке келесіз бе?

Осы уақытқа дейін,

Ім-м-м.. не дейін?

Бір қызбен  жүрмеппін,

Сенесіз бе?

–Ілмектенген

Ілігім бар,

Кешіріңіз, жігітім бар...

–Ой, жігітіңді атып кетем,

Түрме что ли?

Онда он ай жатып келгем...

Деп өзімше...

Жұрттың көзінше,

Қолынан ұстай бердім,

Құдайым-ау,

Мұнда неге келдім?

Қысқасы,

Көзімнің алды «ірің» екен,

Қыздың жігіті...

Қыздың жігіті...

Менің туған інім екен!

 

 

 

 

 

«ҚАҚПАННЫҢ»ХАТШЫСЫ

(Сатираның снайпері Мұхтар ШЕРІМГЕ)

«Оңтүстікте» жүргенде...

«Қақпанды» алды қолына,

Түсті шырақ алып,

Жемқорлардың соңына!

Фельетонды күлдіріп жазды,

Кейіпкерін «бүлдіріп» жазды,

Ананы жазды,

Мынаны жазды...

Шиқан шыққан қоғамның,

Жарасын жазды...

Сөйтіп, талай жылдар,

«Қақпанның» хатшысы болды,

Қысқасы Мұхаң,

Сатириктің жақсысы болды!

Демеңіздер бұл «қай пері?»

Бүгінде Шерім,

Сатираның снайпері!

Болат СЕМБИЕВ.

 

 

 

 

ШАЙТАН ШАЛ

Алматыға келген шал еді,

Шал емес-ау, мал еді...

Саунаға бір күн барды да,

Біраз үнсіз қалды да:

–Кейбіреуге тұз керек,

Маған сұлу қыз керек...

Жастығымды қайтарам,

«Мықтымын!» деп айта алам,

Деген сөзі «жынды» болды,

Қысқасы, қалтасын қағып,

Бірнеше мыңды қойды...

Көзінің алды іріңдеп,

Бірақ өтірік күлімдеп,

Атып отыр насыбай,

Бір қыз келді алдына,

Ештеңеден жасымай.

–Өлә, сіз ауылдағы

Қауғабай деген атасыз...

Ұят екен...

Мұнда неге жатасыз?

ВИЧ жұқтырып алсаңыз,

Сеспей арам қатасыз!

Дегенде шалың жымиды,

«Батасын» беріп, ыржиды:

–Уа, жерлесім,

Клиентің «майлы» болсын,

Төсегің жайлы болсын,

Аспаның айлы болсын,

Қартайған құрбыларың

Кейін байлы болсын!

Деп бетін сипады.

«Ата, айтпайсыз ғо...ә?»

Дәл қазір қайтпайсыз ғо...ә?

Деген қыз да «қимады...

Қысқасы «жерлестер»,

Ұяттың бәрін жинады...

–Ата, насыбайыңыз бар,

Сізге шақша керек,

Ал мен студентпін,

«Много» ақша керек...

...Осылай қыз шалмен ойнап

Ардан бұрын ақшаны ойлап,

Кәдімгідей,

Ақталды...

Шайтан шалдың астында,

Ұят, АР, Намыс бәрі...

 Тапталды!!!

 

 

«ҚАРЫНДАС, ҚАРНЫМ АШТЫ...»

 

 

Автобуста,

Бір қызбен танысқым келді,

Таныса салып,

Желімдей жабысқым келді...

Қасында тұрып:

«Қарындас,-- дедім,

Перәшкіңізден бір тістетіңізші,

Шынымды айтсам,

Қарным аш!»-- дедім..

Үндеген жоқ,

Бірдеңе айтып,

Жүндеген жоқ...

Сосын, автобустан түсіп,

Жүре берді,

Мына пақырың да еріп,

Ыржалақтап...

Күле берді...

«Қарындас,--дедім,

Перәшкіңізден бір тістетіңізші,

Шынымды айтсам,

Қарным аш..»--дедім,

Ол бұрылып қарамады,

Қысқасы,

Мұнысы жарамады...

Енді қандай әзіл

Айтсам екен,

«Нәстірением, нәскиде»,

Әлде кері...

Қайтсам ба екен?

«Қарындас,

Шынымен, қарным аш...»

Дей берген едім,

Өзім де тым жақын

Келген едім...

Бұрылып,

Бетіме бірдеңені

Сеуіп жіберді,

Артынша ыңқ еткізіп,

Теуіп жіберді...

Тоқ етері,

Итеріп жыға салды,

Жартылай жеген перәшкісін,

Аузыма бұралақтатып,

Тыға салды...

 

ЕТ ЖЕГІМ КЕЛЕДІ...

Базарға,

Бәрінен бұрын бардым,

Еттің иісіне елітіп,

Кешке дейін тұрып алдым.

Қайран ет,

Көп болды сені,

Көрмегелі,

Сонда да барғаным жоқ,

Сен үшін...

Өлмегелі...

Бірақ, бірақ кейде,

Түсіме кіріп аласың,

Енді өзіңді жей бергенімде,

Жоқ болып,

Азқазанымның саясатын...

Біліп аласың!

Қайран өмір!

Қашан етті боламын,

Етке тойып,

Сеп-семіз бетті боламын?

Алайын десем,

Ақшам жоқ,

Алма сатып, ақша істеуге,

Көгеріп тұрған...

Бақшам жоқ...

Айлығым айлығыма,

Керек десең,

Шайлығыма жетпейді,

Бірақ, бірақ, жылқының еті,

Көкейімнен кетпейді!

Деп ойланып

Өзімше толғанып

Ет иіскеп тұрғанымда,

Енді мойын бұрғанымда...

Ет сатушы әйел

Тоқпан жілікпен салып қалды,

Қысқасы, мына қасқаң...

Еттердің арасында

Талып қалды...

х х х

...Апай мені,

Ұры деп қалыпты,

Айналайын, үкімет,

Қашан құрықтайсың,

 

Атаңа нәлет, нарықты?!

 

АҚШАНЫҢ ҚҰДЫРЕТІ

 

О, ақша, сен болмасаң...

өлер ем...

Өзімді -өзім қара жерге

көмер ем...

Жұмысқа кіру үшін

ақша,

Бірдеңені білу үшін,

ақша...

Пара беру үшін

Ақша,

Базарға бара беру үшін

ақша...

Қыздармен танысу үшін

ақша,

Жер комитетімен алысу үшін

ақша!

«Ассалаумағалейкум!» үшін

ақша,

«Уағалейкум» үшін

ақша!

Ең ақыры өлсең де

ақша,

Әкең өліп, көмсең де,

ақша...

 

ДАВАЙ, ТАНЫСАЙЫҚ!

 

Қарындас,

Екі сызық көзіңіз қандай...

Ойқы-шойқы,

Сөзіңіз қандай!

Мұрыныңыз...

«Камаз» мыжып кеткендей...

Жамбасыңыз...

Жүз жігіт келіп,

Тепкендей...

Бетіңіздің сепкілі,

Майда-майда...

Бірдеңені сепкендей!

Сұлуды сүйме деген,

Сұлудың жылуы жоқ,

Бостан-босқа күйме деген...

Сіз сияқты «уродкамен»

Танысқым келеді,

Қысқасы,

Өзіңізбен жабысқым келеді...

Қалай?

Танысайық, давай?

Деп өзімше әзілдеп,

Кафеге барайық,

Қазір... деп,

Құшақтадым белінен,

Сүйгім келді ернінен...

Бір кезде беті

Жоқ болды,

Көздерім бақырайып,

Мына пақырың,

«Шок» болды...

Ойладым, бұл қандай

Ісім екен,

Ояна кетсем,

«Цветной» түсім екен...

 

ЕНЕСІ ЕСІНЕН ТАНЫП ҚАЛДЫ...

Келіні енесіне сыбырлады,

Әйтеуір, шайтан түртіп, жыбырлады:

--Апашка, орыстың

«Бабушкаларына» дейін,

Таң атпай оянып жүреді.

Ояна салып, ерінбей

Боянып жүреді...

Олардан қазақ кемпірлері қала ма?

Жоқ әлде, бояна алмайтын шала ма?

Деп енесін айна алдына апарды,

Енесі сөз таппай қақалды:

--Шырағым, осының керегі не,

Боянудың кемпірге берері не?

--Ой апа, өзіңіз,

Бір түрлі екен сөзіңіз...

Көзіңіз –түн,

Шашыңыз—жүн,

Ерніңіз ирек,

Кірпігіңіз сирек...

Желкеңіз құйқа,

Қасыңыз ұйпа-тұйпа...

Білесіз ертең мереке,

Мына түріңізбен,

Боларсыз келеке...

Деді де, келіні енесін көндірді,

Боянбаса, болмайды деп,

Қара аспанды төндірді...

Қасын жұлып, қанатып,

Ерніне бояу жалатып,

Кірпікке кірпік жерімдеді,

Әйтеуір келіні

Кешке дейін ерінбеді...

Шашын бояп,

Біраз жерге барып қалды,

Бояудың исіне еліткен енесі,

Кескен теректей құлап,

Есінен танып қалды...

Кімге керек, бей-берекет сәніңіз?

Осымен аяқталды,

Сәнқойлық деген әніміз!

 

НЕ СЫЙЛАСАМ ЕКЕН?

 

--Ертең туған күнім,

Ойебай, шықпайды ғой үнің?

Әй, айылыңды неге жыймайсың?

Айтшы, не сыйлайсың?

--Саяқ жүріп, ығып кеткем,

Өзің білесің...

Жұмыстан шығып кеткем...

--Миың сенің қауын қақ,

Есектің артын жусаң да,

О, сорлы! Ақша тап!

  ...Анаған да, мынаған да,

«Сіз» деп, «біз» деп,

Кеттім міне,

«Есектің артын» іздеп...

Бірақ есек таппадым,

Сілем құрып,

Үйдің есігінен аттадым...

--Не сыйлайсың?

Немене сен,

Айылыңды жыймайсың?

Деп сұрады әйелім,

Өмірдегі «мәйегім»...

--Шынымды айтсам,

Үйге сыймаймын,

Одан да анекдот айтып,

Күлкі сыйлайын?

Деп едім, әйелім

Тұрып кетті,

Сыпырғымен сабалап,

«Сыразу» ұрып кетті...

--Есіктің алды ебелек,

Менің байым сүмелек!

Үйде ұн жоқ,

Сенде көк тиын құн жоқ!

Оданда  базарға бар да,

Айда  ақылы арба!

...Деген соң

Базарға кетіп қалдым,

Кешке дейін арба айдап,

Жүз теңгеге жетіп қалдым.

Ей жұмыссыздық,

Құрысын!

Сыйлық таппай

Дұрысын...

Ұстарасыз «мұрт алдым»,

50 теңге жол ақы,

50 теңгеге сыйлық деп,

 

Аппақ- аппақ құрт алдым!

АГЕНТТЕГІ АРУ

 

 --Кешіріңіз,

Кім екен есіміңіз?

--Айкона...

--Атыңыз қызық екен,

Неге қазақша ат қоймаған?

Осыны күнде ойланам...

Айтпақшы, мына фото өзіңіз бе?

Мөлдіреп тұрған көзіңіз бе?

--Жоға, бұл корей әртісі,

Қарашы, әдемі ғой әр тісі...

--Сізбен танысуға бола ма?

Ішетініңіз «кококола» ма?

--Жігітім болған Нұрәлі...

Екеуміз ішетін ек сыраны...

--Ойбо-ой, қабыл алшы сынымды...

Шегесіз бе, бұрқыратып, шылымды?

--Сөзіме сенсең, қақима,

Түтіннен салам сақина...

Осылай өмір сүру керек,

Ойнап-күлу керек!

Өмірдің мәнін,

Киімнің сәнін,

Нұртастың әнін...

Қысқасы, бәрін білу керек!

--Рахмет, ойыңыз шолақ екен,

Шылым, сыра сізге «қонақ» екен...

Сізді агенттен жоямын,

Сізбен сөйлескен өзіме,

«Екі» деген баға қоямын!

 

ТОЙЫМ БОЛДЫ МАЗАҚ-АЙ...

 

Тойға келдік, асаба күлдірмейді,

Деген едік, құдалар күттірмейді...

Тоғыз болды, он болды, құдалар жоқ...

«Не болды?» деп асаба түк білмейді...

 

Кешігетін қазақ-ай,

Тойым болды мазақ-ай...

 

Тойға келдік, бір әйел секіреді,

Билегені құрысын, кекіреді...

Юбкасы шешіліп кеткен кезде,

Сүйген жары айқай сап, жекіреді...

 

Екі қолы ербеңдеп,

Билегені-ай, селтеңдеп...

 

Тойға келдік, көкейде сұрақ қалды,

Шарап ішіп, бір кемпір құлап қалды...

Сөз сөйлейді қазақтар жарты сағат,

Демеңіздер, мылжыңдар «ұнап» қалды!

 

Бала біткен шулайды,

Бірақ ешкім қумайды...

 

Тойға келдік, біреулер «қызып» кетті,

Шыны керек, асаба мыжып кетті,

«Сөз бермейсің неге, неге?» деген еді,

Маңдайына «минус» деп сызып кетті...

 

Тойың тойға ұлассын,

Анау-мынау қыр ассын!

 

ҚЫЗДАРҒА ҚАРАМАЙ...
(Әзиз Несинше)
Мен келемін, көше бойын аралай,
Көшедегі көп қыздарға қарамай...
Сағыз шайнап, бір қыз келді қасыма,
Көзін қысты, «жүріңіз!» деп ой, Аллай!

«Барма!» дейді иықтағы періштем.
Әйеліме «халалмын!» деп келіскем...
Бірақ бірақ, сүметілген бұқадай,
Еріп келем, түсіп келем еңістен...

Сол бір қыздың ту сыртынан еремін,
«Аймалайды, құшады» деп сеземін...
Қиял шіркін, Байқоңырда Құдай-ай,
Қиялыммен ой-орманды кеземін!

Фигурасы қандай сұмдық, сол қыздың
Қиялыммен мұрнымды да сорғыздым...
Тырп- тырп басып, әлі келем соңынан,
Күзетшідей, жекесі боп хор қыздың...

Үйге кірдік, «шешін» деді, шешіндім, 
Жігіт болып, ұялмауға бекіндім...
Арық едім, қабырғалар ырсиып,
Тұра бердім, не болар деп ыржиып...

«Болат, Нурик!» «Қыз» дегенім ақырды,
Балаларын көшеден-ақ шақырды...
--Көрдіңдер ме, мына тұрған ағайды?
Скелет қой, әрең таптым пақырды...

Неге ішпейсің, Нурик, Ботик, тамақты,
Сендер үшін осы пәтер абақты...
Мына ағай, түбіркүлез сияқты,
Тойып алып, оқыңдаршы сабақты!

--Кешіріңіз, қарындас, айта беріңіз...
--Скелет ағай... енді қайта беріңіз! 
...Мен келемін, көше бойын аралай,
Көшедегі бір қызға да қарамай...

 

«ШОК» БОЛЫП ЖҮРМІН...
Бір күні бардым тәуіпке,
Парақорлық мен үшін...
Деп сұрадым: «Қауіп пе?»
Тамырымды ұстады,
Сөзбен сүйреп, қыштады:
--Жей бересіз бе?
--Жей беремін,
Ананы әкел, мынаны әкел,
Дей беремін...
--Ала бересіз бе?
--Ала беремін...
--Пара бересіз бе?
--Жоқ, ала беремін...
Алсам, жаным кіріп кетеді,
Алмасам, құлқыным «іріп» кетеді...
--Қарамайсыз шамаңызға,
Жемқорлық бар ма,
Ата -бабаңызда?
--Әкемнің әкесі адал болған,
Жүрегі таза, халал болған...
--М-мм... Аузыңызды,
Ине жіппен тігу керек,
М-мм.. алдыңызда не тұр,
Соны білу керек!
Ертең ішіңіз өтеді,
Маңдайыңызға мүйіз өседі...
Аузыңыз қисайып,
Арқаңызға көшеді...
Тамақты арқаңызбен жейсіз. 
Бұған не дейсіз?
--Ойбай, жемқор едім емдеңіз,
Қорқып жүрмін, сенсеңіз...
--Әруағым сізге «кет!» дейді,
Қысқасы, сізге күшім жетпейді...
Деді де бата берді, 
Батасы құрысын, 
Ала көзімен ата берді:
--Құдай сізді ұрып кетсін,
Ындыныңыз құрып кетсін,
Шайтан шашыңызды
Тарап кетсін,
Ұйықтап жатқаныңызда,
Бетіңізді жалап кетсін...
Бір күні финполға ұсталып,
Ақшаңызды санап кетсін...
Түрмеде тыпыршып,
Мұрныңыз қанап кетсін, Аумин!
... Қашып кеттім тәуіптен.
Бүгінде шыным сол,
«Шок» боп жүрмін қауіптен!

ДАВАЙ, ҮЙЛЕНЕЙІК!

--Мені сүйесіз бе?

--Сүймегенде.

--Маған тиесіз бе?

--Тимегенде.

--Алып қашсам көнесіз бе?

--Көнбегенде.

Мұрын шүйіріп менсінбей,

Отыратын жастан өткенмін.

Алайда менің ескертіп,

Сізге айтарым бар.

Мінезімде сайтаным бар.

Үш рет болғанмын тұрмыста.

Тұрмысқа шығу мен үшін,

Айналып кеткен жұмысқа.

Әр жабайымнан,

Кешірерсіз, жұбайымнан,

Үш-үштен балам бар.

Менің қолыма қарап қалған,

Кәрі ата-анам бар.

Артымнан алып барар дүнием жоқ,

Дүние түгілі,

Үйім де жоқ үрер ит.

Басымда біреуден емес,

Қос-қостан бар кредит.

Көршілерге мыңдап емес,

Миллиондап қарызым жатыр.

Мендей шүйкебасты,

Жар етпек болған,

Сіз екенсіз нағыз «батыр».

--Айналайын, қарағым!

Елітіп махаббаттың сазына,

Бұрымдысын жар етем деп жүргенде,

Таңдап жүріп жолықтық қой,

Қыздардың талай «тазына»...

Шешімімді жасадым,

Жар етіп өзіңді алам.

Әке атануға,

Жетпей жүр ғой шамам.

Сендей дап-дайын жарды,

Қайдан іздеп табам?

Сендегі бар,

Бала, кредит, қарыздың,

Менде «папасы» бар.

Өзіңіз білесіз,

Өмірдің өзінше «кашасы» бар,

Ең бастысы өмірде,

«Отбасы ошақ қасы» деп,

Өмір сүрейік өшікпей.

Давай, үленейік,

Бүгін түннен кешікпей...

Кредит,қарыздың

Бәрінен құтылармыз,

Ата-анаңның зейнетақысы,

Балалардың жәрдемақысы,

 

Келіп тұрса кешікпей...

ӘРЕҢ КІРЕМ ҮЙІМЕ...

 

Құлақ түрсең,

Дүние жанып жатыр!

От жалыны сумаңдап,

Барлығын алып жатыр...

Кеше ғана тұр еді,

 «Барахолка»...

Көз жастары халықтың

Тамып жатыр...

Қайда барад мына заман,

Зар заман...

Айналаңыз маньяк,

Енді бірі-- наркоман!

Атып кету, өртей салу...

Бәрінен де оңай ма?

Қанішерлер маска киіп,

Әлде, банк тонай ма?

Базар біткен өртеніп,

Күлі көкке ұшады,

Әлде біреу кектеніп,

От жалынды «құсады»...

Түсінбеймін,

Не боп кетті дүние,

Шыны керек,

Қорқа-қорқа,

Әрең кірем үйіме...

ТАСИ БЕРЕДІ...

Әйелім сондай «ақкөңіл»,

Бәрін бере береді,

Бере берген соң

Туыстары келе береді...

Биыл жапқан бәнкісінің

Жартысын алып барды,

Шешесі азсынып,

Сүр етімізден де алып қалды...

Бір әпкесі

«Ештеңе бермейсің сіңілім!» деп

Өз үйінде талып қалды...

Біздің әйел ағасына береді,

Болмаса, тағасына береді,

Інісіне бірдеңені

«Іліп» кетеді,

Әйтеуір туыстары

Біздің үйде не бар,

Не жоғын біліп кетеді...

Ал, менің туыстарым келсе,

Қойдың басы да жоқ,

Керек десеңіз, сөмкелеріне...

Салатын «тасы да» жоқ!

Шешеме  бос бәнкі береді,

Тосап қайнатып аласыз деп,

«цицибілге» болгарскиді

Турап-турап саласыз деп...

Осылай «ақыл» айтады,

Ертеңіне бәрін тасып...

Шешесіне барып қайтады,

Сөмкесіне бас-еп, басып!

КӨШЕМІЗ БЕ?

 

--Батысқа көшеміз бе?

Көшіп алып өсеміз бе?

--Ойбай, отағасы?

Не мұнда үйіміз жоқ,

Үйіміз жоқ болған соң,

Күйіміз жоқ...

Есігіміз алдына,

Сиыр тышатын,

тезегіміз жоқ...

Керек десең,

Әкімшілікте пәтерге...

Кезегіміз жоқ...

--Ойбай, қатын,

Қандай жақсы,

«Қатын» деген атың...

Ол жақта тегін  жай берсе,

Нанға жағып май берсе...

«Мә, міне ғой!» деп,

Баламызға тай берсе...

Неге бармасқа?

Қазақтың жері қазаққа,

Неге онда қалмасқа?

--Барсақ барамыз,

Үй-жәй берсе аламыз,

Бәрін сатып бір жылы,

Шымкентке кеп қаламыз!

Сөйтіп байып жалғанда,

Оқуға түсер баламыз...

--Бүйткен ойың құрысын,

Сен бе? Сен мына түріңмен,

«Современная» ұрысың!

«БЛАТНОЙ»  БАТА

 

Қолдарыңды жайыңдар, бата берем,

Жұмысым жоқ істейтін, жата берем,

Еріккенде ермегім осы болды,

Әкел бері, насыбай, ата берем!

 

Қайырмасы: (рэп стилімен)

Жегендерің торт болсын,

Мінгендерің  «Форд» болсын!

Әйелдерің алғаның,

Ең бірінші сорт болсын,

Дұшпандарың әу бастан,

Шайтанизм шорт болсын!

Ішкендерің сок болсын,

Іші күйсе «шок» болсын!

Балаларың тоқ болсын,

Кредитің жоқ болсын,

Немерең кә-кәй еткенде,

Памперісі боқ болсын...

Балаларың бай болсын,

Бизнестері сай болсын,

Бір балаңыз министр,

Екіншісі МАЙ болсын,

Ойнағаның биллиард,

Іздегенің миллиард,

Аспаныңда ай болсын!

Қораңызда тай болсын,

Есегіңіз ақырсын,

Қоразыңыз шақырсын,

Сояр кезде тыпырлап,

Ешкіңіз де бақырсын,

Патриот бол еліңе,

Сонда ғана батырсың!

Жүзге жеткін жымиып,

Сосын Құдай «қатырсын»...

Сосын Құдай «қатырсын!»

 

Насыбайы құрысын, тастай салғам,

Осылайша батамды бастай салғам...

Қосағыммен қыдырып жүрейінші,

Жанымдағы жан-жарым, жастай алған...

 

Айналдым, ақ сақалды аталарым,

Бізге дәрі—қол жайған баталарың!

Әзілдейін, әзілім әзір дейін,

Азаймасын, батагөй, қатарларың!

Қайырмасы:

                             Оу, аталар, аталар,

                             Сіздерге де бата бар...

                            Кигендерің кебіс болсын,

Мінгендерің «мерс» болсын!

Газ басқанда «оборот» болсын,

Мешіт тұстан «поворот» болсын!

Сақалдарың ақ болсын,

Шалбарларың шақ болсын,

Үйге ұры түсірмей,

Кемпірлерің сақ болсын!

Пейілдерің көл болсын,

Дұшпандарың нөл болсын,

Көктем сайын қорада,

Маңыраған төл болсын!

Аспаныңыз ашық болсын,

Зейнетақы асып—толсын!

Жүз жасыңыз келгенде,

Тоқсан тоғыздағы кемпір...

Сізге өлердей ғашық болсын!

                            Әумин!

 

БЕРМЕСЕҢ, БЕРМЕШІ!

(Пародия. Әбділдә Аймақ.  «Мен қазақ баласы»)

 

Қазағым осы күнге зорға ілінді,

Енді Алла көрсетпесін қор күнімді.

Шен-шекпен сатып алар бай емеспін,

Бермесең, бермей-ақ қой орденіңді.

 

Алдымнан талай-талай тор құрылды,

Босаған тордан Құран төрге ілінді.

Қолдайтын Астанада «крышам» жоқ,

Бермесең, бермей-ақ қой орденіңді.

Ххх

Қазағым осы күнге зорға ілінді.

Әбеке, сағынбағын, «қор күніңді...»

Өлеңіңді жазып-ақ жүре берші,

Басқалар ала берсін, орденіңді!

 

Астанадан «крыша» іздемеші,

«Крысаларға» сызылып, «сіз» демеші...

Орденсіз-ақ ақынсың абыройлы,

Өлеңіңді жазып-ақ жүре берші!

ӨСЕК КӨП...

Ағайын тату болса

Төсек көп,

(қонып кетеді дегенім ғой...)

Абысын тату болса,

 

Өсек көп...

«АУЫРМАЙДЫ ЖҮРЕК...»

(Қайрат Нұртастың әні бойынша)

 

Қарттықтың жалынсыз бір күні еді,

Бір түрлі атты таңғы арай...

Зейнетақы «көбейіп» кеткенінде,

Көзімнің оттай жанғаны-ай!

 

Неге көбейдің, пенсия, жүрмедің бе?

Ой-санамды жылда жауламай...

Қымбатшылық неге кездестің сен,

«Ғашық болдым» қалай аңдамай...

 

Ауырмайды жүрек, ауырмайды,

Ақшасыз  өткен күндер болмаса...

Ауырмайды жүрек, ауырмайды,

Қышынып жатқан түндер болмаса...

Ауырмайды жүрек, ауырмайды,

Қымбатқа төзім болмаса,

Ауырмайды жүрек, ауырмайды,

«Жетпейді!» деген сөзім болмаса!

 

Біздей емес, о дүние суық дей ме?

Әзірше ешкім бармасын...

Жылатасың- дағы жұбатасың...

«Пенсия» деген жолдасым...

 

О, МУРАТЧИК!

(Өңделген түрі)

Мен казақша білмеймін, кешіріңіз,

Танысайык атың кім? Есіміңіз?...

Қаладағы қыз едім, красавица,

Ұнамасам, жүректен өшіріңіз!

О, Муратчик,

Ей, Муратчик,

Мурат— Миша болады,

Ех, Муратчик!

 

Қолтығымда  жігітім, күліп келем,

Ауызымда жевачка, жүріп келем...

Осторожно, колтыгым «смеются»,

Ой, Муратик, ысиды  букил денем!

 

О,  Муратчик,

Ей, Муратчик!

Мурат— Миша болады,

Ех, Муратчик!

 

Не орысша,  қазақша жарытпаймын,

Ана тілін білмесем, арыктаймын...

Кешіріңдер жігітте—ер, извините,

Қарлығаштай қай кезде қалықтаймын?

 

Мен қазақша білмеймін, сенесіз бе?

Свидание шақырсам, келесіз бе?

СМС-пен хат жазсам деген едім,

Единица сұрасам, бересіз бе?

ТӨПЛИДІҢ МАХАББАТЫ

Жаным менің,

Құдай қосқан..

Парым менің,

Бүкіл жер беті

Астымызда,

Су шыққан жоқ,

Әрине, астымызға!

Мен сені сүйіп  өтем,

Ойым жоқ ала бөтен..

Аузым ашылғанша,

Өкшем қисайып,

Бір жағына басылғанша!

Жұлдыз, айымыз бір,

Керек десең,

Қап-қара майымыз бір...

Лай- батпақ,

Жауымыз бір,

Екі бөлек, бауымыз бір...

Ажыраса  алмаймыз,

Оны айтасың,

Ренжісіп қалсақ,

Соттасуға да бармаймыз!

Не деген өшпес

Махаббат!

Сезімім жаным,

Саған деген алапат!

Гәлөшке қырындап,

«Секс-сезім»

Бастамаймын,

Мен сені жаным,

Ұлтарағым түскенше...

Тастамаймын!

Деп  Төпли

Ағынан жарылды,

Ал, парының

Тынысы тарылды!

Өйткені,

Бір күшік кеп

Сүйкене, қағып кетті,

Қысқасы, тістелеп,

Басқа жаққа алып кетті...

МЕН ЕСЕКПІН!

Көшеде келемін,

Бір әйелмен құшақтасып,

Сұмдық-ай,

Енді кімге сенемін,

Кетпесем екен «пышақтасып!»

Өз әйелім маған қарсы

Жүріп келеді,

Мені көріп, сонадайдан,

Күліп келеді...

Миым мәнті болып,

Кеткендей...

Ертегі көңіл солып,

Дауыл маған

Жеткендей!

Әйелім жақындап,

Бір сөз айтты

Тақымдап:

--Кешіріңіз,

Кім екен, есіміңіз?

--О-Ойдақ...

--Аа, менікі-Сойдақ,

Сізді қалыппын,

Күйеуім деп ойлап!

«Двойнигі» боларсыз,

Салып жүрген ойнақ...

Деді де,

Бөксесін ойнатып,

Мені терең сезімге

Кәдімгідей бойлатып...

Жүре берді,

Қасымдағы бикешім:

--«Ой, дура!» деп,

Күле берді...

Ой тоба,

Әйелім  мойын

Бұрған жоқ,

«Бабник!» деп

Миымды жеп...

Кеудемнен бір

Ұрған жоқ,

Керек десеңіз,

Көңілдесімнің

Шашын тарап,

 жұлған жоқ...

Керісінше,

Ұяттан жерге

Кешіріңіз, «көрге»,

Кіріп кеттім,

Миым ашып,

Көңіл жасып,

Табанда «іріп» кеттім,

«Кешір жаным!»

Деп айта алмай,

Өз үйіме қайта аламай,

Бәрін, бәрін...

Біліп кеттім!

Сол күні есігіме:

«Мен есекпін!»

Деп іліп кеттім...

 

ЖЕРІК ЕКЕН...

О, футбол,

Бір тепсең,

Ала добың домалайды,

Бастыққа сенсең,

Осынша жесем,
Деп жобалайды...

Көздері қанталап,
Жан-жақтан анталап,

Бөлінген қаржыға

Көбейер «нанталап»...

Бірі қалтасына тығады,

Бірі- маған, маған... деп,

Көз жасын сығады,

Бірі- жалап жейді,

Бірі- жан-жағына

Қарап жейді,

Бірі- отырып жейді.

Енді бірі қорықпай,

Опырып жейді...

Бірі «үммә!» деп сорады,

Енді бірі егін еккендей,

Ақшаны кәдімгідей «орады»...

Жұр  дей береді, дей береді,

Ал допшылар тойған емес,

Жей береді, жей береді!

Бастық пен «зам»

Өздерінше «сам»,

Бір-біріне серік екен,

Байқап қарасам,

Ойпырмай,олар да

 

Кешіріңіз... жерік екен!

СМС-ПЕН КЕЛГЕН МАХАББАТ

   

Жаны-ым,

Жанымның жалауы,

Пісіп қалды,

Махаббатымның "палауы"...

Сенсіз өмір сүре алмаймын,

Сенсең,

Махаббат «мүгедегімін»,

Бір адым да жүре алмаймын...

Жаны-ым,

Жанымның жалауы,

Асты "күйіп" кетті,

Махаббатымның "палауы...

СМС-пен жауап бермейсің,

Жаным,

Кел деген жерге,

Жүгіріп неге келмейсің?

Әлде ойың бұзық па,

Жейтінің тек шұжық па,

Соңымнан неге ермейсің?

Рас, әкімнің ұлымын,

Кафе, казино,

Соның ғана "құлымын"...

"Сындырмасам", өзіңді,

Үзіліп кетсін, жұлыным!

 

«АТЫМ КІМ ЕДІ?»

 

–Кешіріңіз, тоқтаңыз,

Бір нәрсе сұрайын,

Мейлі боқтаңыз,

Мойнымды бұрайын!

–Ия, айтыңыз,

Тез-тез айтыңыз да,

Үйіңізге қайтыңыз...

–Атым кім еді,

Білмейсіз бе?

Жоқ әлде,

«Жынды ғой» деп,

Бір бәйтерекке

Ілмейсіз бе?

–Сөз айтайын оп–оңай,

О, ноқалай!

–Мен өзі... кешіріңіз?

Айтыңызшы, есіміңіз?

–Ал, Алдан...

–Менің атым Мардан...

Не Қалдан, не Кардан...

Құлап қалғандаймын,

Биік–биік жардан...

Жаңа біреу

Қолы кәдімгі тіреу,

«Дыхалкадан» ұрғандай,

Анаң қара,

Анаң қара...

Шварцнеггердің өзі

Бізге қарап тұрғандай...

–Миыңызды шоқыған-ау,

Шымшық, не сауысқан,

Дәл қазыр мына сіздің...

Есіңіз ауысқан!

Не әйеліңіз,

Миыңызды жеп,

Бүгін ғана тауысқан,

Кеттім,

Уақытым жоқ туысқан!

–Айтыңызшы,

Мен еркекпін бе?

Жоқ әлде әйел...

Немесе тентекпін бе?

–Өзіңіз,

Ежірейіп көзіңіз...

Қандай адамсыз?

Мына сіз, мына сіз...

Барып тұрған надансыз!

–О кэй, тоқтаңыз,

Мейлі мені боқтаңыз...

Дәл осылай адамдардың

Парақор, надандардың

Жағымпаз, қу иттердің

Биліктегі акула, киттердің

Мигобайт, жадтарын,

Өшіріп тастайтын,

Сөйтіп, адалдыққа,

Тура жолға бастайтын,

Тілі астында

«Чипі» болса...

Астымда Американың

«Джипі» болса...

Қысқасы, жаңалығым

Патенттеліп,

Қолымды қысса,

Бір агент келіп...

–Ішіңіз пысып тұр ма?

–Ия, пысып тұр..

–Ал менің алақаным...

Тызылдап қышып тұр...

Дегені сол,безілдеп,

Қашып кеттім,

Секең-секең етіп,

Алты «қырдан»

Асып кеттім!

 

АТТАП КЕТТІ...

 

Бір қыз маған ұнады,

Ол да маған құлады...

Желімдей боп жабысып,

«Единица» сұрады..

«Отыз мың керек еді» деп,

Құлағымды бұрады,

Бір келгенде тағы да,

Елу мыңды сұрады...

Қарызданып, қызыма,

Беріп жаттым сызыла...

«Анау керек, мынау керек»

Сұрай берді елден ерек,

Әйтеуір сол қызыма,

Құстың сүті де керек...

Тым болмаса,

Әлі үйленген жоқпыз,

Үйленіп, өмір туралы

 Үйренген жоқпыз...

Қысқасы, «кедейсің!»

Деп тастап кетті,

Екінші махаббаты

 Ашылып,

Маған деген сезімі

Басылып...

Бір миллионермен

Бастап кетті...

Сөйтіп үстімнен,

Апыл-ғұпыл...

Аттап кетті!

                                   ҚҰТ...ҚҰТТЫҚТАЙМЫН!

Жаным,

Үйімдегі барым...

Сенімен қосылғалы,

Елтірі тоным жағалы болды.

Әкемнің баласы- мына мен,

Бала-шағалы болды...

Біздің үйге

Ләмпечкедей жарық болдың,

Үнемдеуді үйреніп,

Бұл күнде арық болдым...

Жұрттың әйелдері сияқты,

Анау керек, мынау керек

Демейсің....

Ет алғанымызға екі жыл,

Таусылып қалады деп,

Жемейсің...

Жаным-ау, осы еңбегіңе

Разымын,

Сен тауық болсаң,

Мен қаңқылдаған қазымын...

Білесің ғой, қалаға

Көп шықпаймын,

Өзіңді, әйелдер мерекесімен,

Дәл қазір құттықтаймын!

Сыйлығымды көріп,

Қарашы көңіл бөліп...

Қуалап жүрме,

Шыбын ұрғышпен,

Өй, өй, күлме...

Құт... құттықтаймын!

Сақал қырғышпен!

 

КҮЛЕЙІНШІ ДЕГЕНІМ...

Күлкі күні

Күлейінші деп ойладым,

Бастығыма:

«Шақырады...»

Деп қоймадым!

Далаға шығып келеді,

Айтқаныма сенеді...

«Кім ол дейді далада?

Ішке кірсе,

Іші түйнеп қала ма?

Кабитентте отырмын,

Кім болса да арам ә?»

Дейді менің бастығым,

Әлде менің жастығым...

Тағы- тағы ойладым,

Бастығыма:

«Шақырады!»

Деп қоймадым...

Күлкі үшін бәрі де,

Шақыруға тоймадым...

«Кім ол?» дейді ойланып,

«Бір қыз» деймін толғанып...

Тереземнен шертеді,

Шертеді де кетеді...

Ұзын көйлек, бойы бар,

Аға сізде ойы бар...

Сыртылдайды сағат-ай,

Іздеп кетті ағатай...

Білдей бөлім бастығы,

Бір түрлі екен, ұят-ай,

Басылмапты-ау, аптығы...

Әйелі бар, баласы,

Шайқалмасын шаттығы!

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

БҰЛ МЕН ҒОЙ...

МұхШЕР...

менің эл.поштам:Kazah_mukhtar@mail.ru