«ҚАҚПАННЫҢ»ХАТШЫСЫ

(Сатираның снайпері Мұхтар ШЕРІМГЕ)

«Оңтүстікте» жүргенде...

«Қақпанды» алды қолына,

Түсті шырақ алып,

Жемқорлардың соңына!

Фельетонды күлдіріп жазды,

Кейіпкерін «бүлдіріп» жазды,

Ананы жазды,

Мынаны жазды...

Шиқан шыққан қоғамның,

Жарасын жазды...

Сөйтіп, талай жылдар,

«Қақпанның» хатшысы болды,

Қысқасы Мұхаң,

Сатириктің жақсысы болды!

Демеңіздер бұл «қай пері?»

Бүгінде Шерім,

Сатираның снайпері!

Болат СЕМБИЕВ.

 

 

МҰХТАР ШЕРІМНІҢ 50 ЖЫЛДЫҚ

 МЕРЕЙЛІ ТОЙЫНА АРНАУ

 

Шуақ берген өңірге,

Нұрың жанған Мұхтарсың!

Қуат берген өмірге,

Жырың тамған Мұхтарсың!

 

Сатираның семсерін,

Қынға салған Мұхтарсың!

Жайын ауыз жемқорды

Сынға алған Мұхтарсың!

 

Жақындарға аяулы,

Шапағат болған Мұхтарсың!

Жан–жарыңа баянды,

Махаббат болған Мұхтарсың!

 

Елу жасқа ерулеп,

Ерлеп жеткен Мұхтарсың!

Асқаралы биікке,

Терлеп жеткен Мұхтарсың!

 

Отбасының лаулаған,

Жүрегі болған Мұхтарсың!

Ұл–қызыңнынң баулыған,

Тірегі болған Мұхтарсың!

 

Қайраты қайтпас қуатты,

Өктем болған Мұхтарсың!

Мерей тойда шуақты,

Көктем болған Мұхтарсың!

 

Бақыт–байлық озғаның,

Түгенделген Мұхтарсың!

Жазмыштың бар жазғанын,

Түгел көргін, Мұхтар сен!!!

 

Абдуллаһ ХАЛИЛА, досың,

ақын, сатирик, Шымкент қаласы.

 

САТИРА АРБАСЫ

Жазарың жұқармасын
Тіліңіз мұқалмасын.
Тарта бер шаршамастан
Сатира-сын арбасын.

Аман МІНДЕТ. (Фейсбуктан.)

 

ШЕРАҒА!

«Жəрмеңкеңіз» құтты болсын,
Мықты Мұхтар Шераға !
Қазағыңа əркез тынбай,
Əзіліңді тарту етіп, бер аға !
Баяғыда «Тамашаны»

Гүлдендіріп жүрдіңіз,
Қуанышпен қошеметтеп,
Мəз болдық та күлдік біз.
Əзіліңіз шыға берсін,
Қызықтырып үздіксіз
Қуаттайтын əрқашанда
Қолдап жүрер сіздік піз !

Жеңіс Тоқтамысов: Қадірлі де, құрметті Мұхтар інім!
Сатира әлемінде алғаш атың көрінген сәттен-ақ әдемі әзіл, уытты әжуә, өткір қалжыңға бай шұрайлы шығармаларыңмен танысып, талантыңа тәнті болған оқырман ағаларыңның бірімін. Бүгінгі дос болуға жолдаған тілегіңді оқығанда көктен іздегенім жерден табылғандай риясыз қуандым! Осы қуаныш табанасты шабытымды оятып, өзіңе деген ниетімді өлеңмен жеткізуге еріксіз итермеледі. Кемшілігіне кешіріммен қарап таза көңілмен қабыл алғайсың?
Сәлеммен, замандас ағаң Жеңіс Тоқтамысов.

Көңілдерді күлкімен көтеретін,
Төккен тері әзілмен өтелетін.
Өтпей жүрген қыздардың жалыз басын,
Батамен-ақ бір жазда екі ететін!

Нысанаға атқаны дөп даритын,
Алаяққа қаламы шоқ қаритын!
Сатирада Мұхтардай сарбаздар аз,
Тілі-семсер, лебізі-от па дейтін!

Майын ішкен у тілді "Араның" да,
Сиқыры бар қуатты қаламында!
Санитары қоғамның қырағы көз,
Сатириктің ңұр жаусын талабына!
Ж.Т.(Фейсбуктан. 2017 жыл, 30 наурыз.)

 

КҮЛКІНІҢ СНАЙПЕРІ!

Жетелеп Шымкентке шын ой мені,

Сатирик ағамызға былай деді:

–Елудің тоғызы құтты болып,

Жасай беріңіз, күлкінің снайпері!

Нұрсұлтан ОҚПАНҰЛЫ.

 

ҚАЗАҚТЫҢ ШЕРІМІ

Қазақтың Шерімі -
Қалжыңның керімі!
Әзіл мен сықағы -
Көңілдің серігі!

Шерімнің Мұхтары
Талантын нықтады!
Юмормен өзінің
Жазылмас жұптары!

Шын күлкі - қорғаным,
Күлмесем - болғаным!
Оқырман - орманың -
Көбейсін томдарың!

Әміржан ҚОСАНОВ,

 

 

ӨЗІМ ТУРАЛЫ АЙТАЙЫНШЫ...

Менің аты жөнім--Мұхтар ШЕРІМ Жұмашұлы. Еркек болып жаратылыппын. Қазіргі Бәйдібек ауданы (Бұрынғы Алғабас) Ақтас совхозы, Кеңсай ауылында 1957 жылдың қақаған қысында, 12 желтоқсан күні  шыр етіп, дүние есігін ашыппын.Түлкібас ауданындағы Абай орта мектебін 1974 жылы бітірген соң, Бәйдібек ауданындағы "Алғабас" газетінде корректор, сосын әдеби қызметкер болып қызметке тұрыппын. Алғашқы айлығымды әкеме беріппін. Сосын 1975 жылы Алматыға тартып кетіппіз. Әкем екеуміз. ҚазМу-дың журналистика факультетіне оқуға түсіп, шәпкімді лақтырып жібердім де, қайтадан таба алмай қалдым. Алматыда небір қызықты күндер өтті. Шабаданымды аялдамаға тастап кетіп, жылай жаздағанмын. Университетте "Жас толқын" қабырға газетін шығара бастадым.  Универді бітірген соң облыстық "Оңтүстік Қазақстан" газетінде (1983-1988) сатиралық "Қақпан" бөлімін басқардым.Фельетондарды бұрқыраттым-ай!  1993-99 жылдары "Ара-Шмель" журналының Шымкент облысындағы тілшісі  қызметінде жүріп жегіштердің желкелерін түйгіштеп, парақорлардың пиғылдарын әшкереледім!  Республикада алғаш рет "Жұдырық" газетін ұйымдастырып, бас редакторы болдым, кейін журналға айналды. Тыпыршып, тыным таппайды екенмін, "Барыс" газетін" ашып, бас редакторы болғаным да бар. (1998-2011) 14 жыл!  Сатиралық кітаптарым: "Құдағи құшақтай береді"(1995), "Бюрократпен қоштасу", төрт томдық:(2005) " Талтайып тұрғым келеді", "Ымбаппа", "Кешіріңіз, сіз есек емессіз", "Быт-шытыңызды шығарамын!"  Ал, Мемлекеттік тапсырыспен "Қашқандар мен қуғандар" сатиралық жинағым жарық көрді.(2011) Қарап жүрмедім. 1986 жылы  "Күлкі жәрмеңкесі" әзіл-оспақ отауын ұйымдастырдым. Облыстық мәдениет басқармасының қолтығына кіріп алып. Сосын... Сосын "Күлейікші, Мұхтар!" сатиралық театрын басқардым. Сосын ше? Сосын... "Тамашаға", "өзім мұрындық болған "Шаншарға", "Алдараспанға", "Екі езуге", "Нысанаға" автор болдым. Ой, айта берсем, таусылмайды... Қазақстан жазушылар одағының мүшесімін. Кеңес дәуірінен. Нобель сыйлығының, мемлекеттік сыйлықтың лауреатымын... Деп ойлап қалмаңыздар! "Қазақ әдебиеті" газетінің лауреаты екенім рас.Конституцияның он жылдығы мерекесі медалімен марапатталғанмын. "Жас Алаш", "Айқын", "Жас қазақ", "Егемен Қазақстан" "Қазақ әдебиеті" газеттерінде әзіл-сықақтарым жиі жарияланып жатады. "Дала мен қала" газетінің "Қисық қоржынын" басқардым. Бүгінде Аламтыдағы "Алматы ақшамы" газетінің "Бір түрлі бет" әзіл-оспақ бетіне жауапты шығарушымын. Бас бапкерімін. Бірнеше әзілдерім өзбек қырғыз орыс тілдеріне аударылған. Қазақстан жазушылар одағының  Кеңес дәуірінен мүшесімін.Н. Назарбаевтың алғыс хатымен марапатталдым. ("Нұр Отан") 2014 жылы 26 қарашада Республикалық сықақшылар байгесінде бас жүлдені иемденіп, Шона Смаханұлы атындағы сыйлықтың лареаты атандым. Жазушылар одағының облыстық филиалы кеңесінің мүшесімін. 2014 жылдың сәуірінен бастап, республикалық "Ара" газетінің арнаулы тілшісімін.Осы жерде аялдайын, бұдан кейінгі өмірбаянымды Бір Алла біледі...

Мұхтар ШЕРІМДЕ-БАС ЖҮЛДЕ!


Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, «Қазақ әдебиеті» газетінің лауреаты, жазушы-сықақшы, Республикалық «Ара» газетінің арнаулы тілшісі Мұхтар Шерім көрнекті сатирик, қоғам қайраткері, шымшыма шебері Шона Смаханұлының  90 жылдық мерейтойына орай өткен «Шоқ тілді Шона» атты фельетоншылар бәйгесінің бас жүлдесімен марапатталды.

(26 қараша, 2014 жыл)

ЖИI ЖАРИЯЛАУДЫҢ ДА СЕБЕБI БАР

(Жас Алаш №103-104 (15873-74) 26 желтоқсан, бейсенбі 2013жыл)

 

Оқырман сұрағы:

–“Жас Алаш” газетiнде өзге ақын-жазушылардан гөрi сықақшы Мұхтар Шерiм мен прозашы Қабдеш Жұмадiлов жиi жарияланады. Мұның себебi не?

Жауап:

–Күнделiктi тiрлiкте “актуальды екен”, “өте өзектi екен” деп жататынымыз да шындық. Сол айтқандай, Мұхтар Шерiмнiң сатирасы да – өте өзектi. Қоғамымыздың қышыған жерiн дәл тауып қасиды. Мiнеки, редакциямызға үш сатиралық шығарма келiп түстi. Оның бiрi – баяғы ауыз әдебиетiнiң үлгiсiмен жазылған “Қырық өтiрiк”. Екiншiсi – алиментшi әке жөнiнде. Үшiншi шығарма асқынып бара жатқан, асқынғанда да шегiнен шыға асқынып бара жатқан қоғамдағы жағымпаздықты өлтiре әшкерелейдi. Осының қайсысы газетке алдымен жарияланады? Әрине, жағымпаздықты өлтiре әшкерелегенi. Мұхтар Шерiмнiң жиi жарияланатыны да осыдан. Былтыр ең көп жарияланған – Қабдырахман Отарбай едi. Биыл Мұхтар Шерiм алдыға шықты.

Ал ендi кәнiгi тарлан, қадiрлi жазушымыз Қабдеш Жұмадiловтiң әңгiмесi редакция қоржынына түскен өзге әңгiмелерден гөрi сәнi де асып, салмағы да басып тұрады. Мұндай әңгiменi тоқтатып қою – тек әңгiмеге емес, ең алдымен оқырманға обал.

 

КҮЛКІ ТУЫН КҮРЕС ҚҰРАЛЫ ЕТКЕН МҰХТАР ШЕРІМ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ

    Мұхтар Шерім есімі қазіргі қазақ сатирасындағы белгілі, танымал болып үлгерген тұлғалардың бірі десек артық айтқандық болмас. Тума таланттылығына ізденімпаздығы мен шеберлік қыры сай келіп еңбек етіп жүрген сатирик-жазушының бүгінгі күні төрт томдық шығармалар жинағы жарық көріп үлгерді, бұл сатира жанрында сирек кездесетін еңбекқорлық. Қалың оқырман қауымға салмақты да салиқалы көп томдық ұсынған жазушының еңбегі зая кетпеді десек те болады, өткен 2009 жылы Мұхтар Шерім Оңтүстік Қазақстан облысының ең үздік жазушысы атанды. Жазушы шығармашылығымен біршама уақыттан бері таныспыз, әсіресе ол баспасөз беттерінде жиі көрінеді, бұл құптарлық жағдай.

Сатирик М.Шерімнің шығармашылығы жайындағы зерттеуімізді аз-кем теориялық тұжырымдарға сүйене отырып бастауды мақсат еттік. Қазақ әдебиеттану ғылымындағы белгілі академик ғалым, «Сөз өнері» атты теориялық еңбектің авторы Зейнолла Қабдолов сатира табиғатын былай деп түсіндіреді: «Сатирамен суреттелер құбылыс – керексіз, кесір құбылыс. Сатира өмірдегі кеселді, келеңсіздікті, кері кеткендікті қаза қопарып, көптің көз алдына – көрініске шығарады, қағып-сілкілейді, мысқылмен түйрейді, сықақ етеді, көпті одан түңілтеді» (1.133). Бұдан анық аңғарылатын жағдаят – сатира аса жауапты және қиын өнер. Қоғамдағы кесір құбылысты, кері кеткен жағдайды қазып көрсету, қалың көпшілікті одан түңілту тіпті оңай емес. Келесі бір тұжырымды «Сатира негіздері» деп аталатын көлемді монографиялық еңбектің авторы Темірбек Қожакеев пікірлеріне сүйене отырып сабақтасақ. Ғалым: «сатира, юмор дегеніміз адам баласының алуан түрлі сезімдерімен, қабілет-қасиеттерімен, әлеуметтік тұрмыс күйімен, қоғамдық ортасымен тікелей байланысты. Солардың өзіндік ерекшелікпен көрініс табуы. Сатира, юмор - әрі көңілді, жеңіл, әрі зілді, қуаныш-ренішке бейім өнер. Олардың күші де осында. Оларды ұлы мақсаттарға, елді ұлы істерге жұмылдыруға, жұрт жүрегінде қайырымды сезімдер туғызуға, жаңа қоғам құруға кесел келтіретін кесір-кесепаттарға өшпенділік оятуға кең пайдалануымыз қажет»,- (2.16.) деп атап көрсетеді. Сілтемені ұзақтау болса да толықтау етіп алған себебіміз бар, пікірдің ең алдымен академик Қабдолов ойымен астасып жатқаны, яғни  кесір құбылысты сатираның ымырасыз әшкерелейтіні, одан әрі профессор Қожакеевтің пайымдауынша сатираны ұлы мақсаттарға пайдалануға болады, әсіресе жаңа қоғам құру кезінде, демек сатираның, юмордың қуат-күші бүгін де керек және оларды тиімді қолданған абзал.

Бір ақиқат нәрсе бар, ол – күні кешегі ХХ ғасырда, әсіресе сол ғасырдың екінші жартысында сатира қаруының тым күшті және құдіретті болғаны еміс-еміс есімізде. Сейіт Кенжахметов, Оспанхан Әубәкіров, Шона Смаханұлы тә­різ­­ді сатира сайыпқырандарымен қоғам санасатын, қажет кезінде қаймы­­ға­тын, тіпті қатты құрметтейтін, әсіресе кесір де кеселді құбылысқа жол беріп алғандарда қатты үрей болатын. Бүгінгі уақыт басқа, ғасыр ауысты, қазақ елі азаттыққа қол жеткізді, өкініштісі сатирадан қорқатындар сиреп келеді.

Шүкіршілік ететініміз сатира қазір де өмір сүріп келеді, соның ішінде сатиралық әзіл-сықақ театрларынан аяқ алып жүре алмайсыз. Жеңіл күлкі, арзан ойды азық ететіндер де көбейіп барады-ау деп қорқасың кейде мына қоғамда. Асыл мен ақықты, бекзаттық пен бетсіздікті, тектілік пен тексіздікті ажырата білу қиындады, сонымен қатар кітап оқитын қалың оқырман қауымға да жақсы кітап пен жаман кітапты айырып оқу оңай болмай тұрған мына заманда «кеселді, келеңсіздікті, кері кеткендікті қаза қопарып, көптің көз алдына» айнадағыдай жарқыратып көрсететін сатираны биікке көтеру қиынның-қиыны болып тұр. Әйтсе де «Күлкі көбейсін!» деп елеңдеп отыратын қауым да жоқ емес. Бүгінгі әңгіме «қазақ сатирасында өзіндік стилі, қолтаңбасы бар жазушы» (3.3.) Мұхтар Шерім жайында екенін сөз басында ескерттік. «Күлкісінде мұң бар» Мұхтардың қысқаша өмірдерегі төмендегідей: «1957 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Алғабас (қазіргі Бәйдібек – Н.Н.) ауданында дүниеге келген. КазМУ-дің журналистика факультетін бітірген соң, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетіндегі «Қақпан» сын-сықақ бөлімінде тілшілік қызмет атқарды. Кейінірек республикалық «Ара-Шмель» журналының оңтүстік облыстардағы тілшісі, «Барыс» газетінің бас редакторы» (4.341.) қызметтерін атқара жүріп, әзіл-оспақ «Тамаша» театрының танымал авторы да болды. Республикада тұңғыш рет (1991 ж.) сатиралық «Жұдырық» газетін ұйымдастырып, үн жарияның құрылтайшысы әрі бас редакторы болғанын біреу біліп, біреу білмейді. Қазіргі уақытта Қазақстан халықтар достығы универ­си­те­тінің аға оқытушысы, көп жылғы жазушылық тәжірибесін жас өскіндерге үйретіп жүр. Жазушы Шерімнің алғашқы кітабы «Бюрократпен қоштасу» 1998 жылы жарық көрсе, кейінгі жылдары «Қисық шеге», «Құдағи құшақтай береді» т.б. кітаптары жарық көрген, бүгінгі күні «50 + сатира = Мұхтар Шерімнің» шығармалар жинағы төрт том болып жарық көрді. Ол кітаптарын санамалап көрсетсек төмендегідей ретте. «Ым-бап-па-а!» (1-том, 19 б.т.), «Быт-шытыңды шығарамын!» (2-том, 19 б.т.), «Талтайып тұрғым келеді...» (3-том, 19 б.т.), «Кешіріңіз, сіз есек емессіз...» (4-том, 19 б.т.). Төрт томдық сатиралық шығармалар жинағы 2007 жылы Алматы қаласы, «Нұрлы әлем» баспасынан барлығы 76 баспа табақ болып жарық көрген.

Бүгінгі біздің шағын зерттеуімізде бұл аталған төрт том жинақтың барлығына бірдей кеңінен тоқталып, жан-жақты талдауды мақсат етіп қойған жоқпыз. Басты мақсат «О, сатира! Мен саған ғашықпын!», - деп бар даусымен жар салып келе жатқан сатирик жазушының шығармашылық өнерінің өзіндік ерекшелігі, бүгінгі мынау жаһандану үрдісіне бет бұрған  қоғамнан алар орны, сатира мен қоғамның қарым-қатынасы қандай болып тұр деген қадау-қадау сұрақтар төңірегінде ой өрбітеміз.

Айтпақ ой-пікірдің әуенін бірінші том «Ым-бап-па-а!», - деп (5.) аталатын алғашқы кітаптан бастасақ. Бұл көптомдықтың алғашқы кітабының алғысөзін жазған қазіргі қазақ сатирасындағы көшбасшылардың бірі Ғаббас Қабышұлы былай дейді: «Ағаларының күлкі туын жоғары ұстап өткен Осекеңнің (Оспанхан Әубәкіров –Н.Н.) туын мақтанышпен мұра етіп жүрген інілері де аянуды, аяуды білмейді,... әмбебаптың бірегейі – қазағы шүпір-шүпір Шымкент қаласының, «көктем сол жақтан басталатын» (ақын С.Асанов) Оңтүстік өңірінің, күллі қазақ даласының күлкі қаһарманы Мұхтар Шерім!».

Шын мәнінде де күні кешегі сатира сайыпқырандары болған аға буын Оспанхан Әубәкіровтердің биік көтерген туын ұстап қалған аз ғана сатириктердің бірі «күлкі қаһарманы Мұхтар Шерім».  Біз білетін Мұхтар Шерімнің өзіне тән ерекшеліктерінің бірі қысқа әрі нұсқа жазады. Себебі сатира шұбалаңқылықты сүймейді, ол ұзақ-сонар баяндап отыратын әңгіме емес, керісінше ұзақ баяндауға барған жағдайда өзінің мән-мағынасын әлдеқайда әлсіретіп алады. Сатирик Шерімнің айырықша атап өтерлік басты қасиеттері – батылдығы, өткірлігі, дер кезінде дәуір рухына үн қосып отыратындығы, түйіндеп айтқанда ұстаз сатиригі Ғаббас Қабышұлы атап көрсеткендей «қаһармандығы». Біз де сатириктің жаңа ғасыр көкжиегінде болып жатқан сан алуан құбылысты жіті бақылап, дер көзінде көріп, әсіресе кеселді құбылыстарды бізден бұрынырақ байқап жатқан көрегендігіне тәнті болдық. «Дұшпан іздеп жүрмін» - шағын ғана дүние, алайда көтеріп отырған мәселесі атан түйеге жүк боларлықтай. Әңгіменің бас кейіпкері Мыжбан әлдекімдер сияқты дос іздемейді, сол мақсатта, яғни дұщпан болу үшін облыс прокурорның кабинетінен бір-ақ шығады, прокурордың өз аузынан олардың да өз дұшпаны - әділет министрлігі бар екенін естиді. Мыжбан кейіпкер жай кетпейді, облыс әкімінің жер біткенді өзіне, барлық туыстарына сатып алып жатқанын көрмей отырған прокурордың әділетсіздігін де айтып салады, келесі іздеп барғаны облыс әкімі Тыжбан Тәпековтің де өзіне жетерлік дұшпандары бар болып шығады, ол ағынан жарылып: «Бірінші орынбасарым президент аппаратындағы туысына жамандайды екен. Ол президентке жамандайды» (5.11.), -деп зар еңірейді, әйтеуір айнала толы дұшпан. Бұл да бүгінгі заманның ең бір осал тұсы. Абай хакім айтқандай:

                   Ел де жаман,

                   Ер де жаман –

                            Аңдығаны өз елі, - (6.112.) болып тұрғаны да бүгінгі күннің ащы шындығы. Қаламгер осы құбылыстың бір қырын ғана қырын сатираны қару ете отырып ашып көрсеткен, басқалай көрсетудің жолы аз.

Дін аса қастерлі ұғым, оның ішінде біздің мұсылман діні, құран хадистері ізгілікке, жақсылыққа, имандылыққа толы. Имани ұғым жайында көп жыр жазған білімдар ақын Шәкәрім:

Сөйтіп бұзып бүлдіріп, есіл дінді,

Дін десе білімділер тұра қашар.

Ешбір дін өйтіп дұспан бол демейді,

Кәнеки, бұл сөзіме кім таласар? (7,201.), - деген мағынада сұрақ қояды. Дін ХХІ ғасырға қадам басқан қазақ қоғамын да қатты алаңдатып отырғаны бәрімізге аян. М.Шерімнің «Иеговада» ирелеңдеп жүреді ме?» атты шығармасы да қалың оқырманның жанды жеріне тиетін мәселе. Әйелі мен туған баласы басқа дінге, иеговаға өтіп кеткен әкенің «діннен безген қасиетсіздер! Әне, қатын азды, ұрпақ азды деген осы!» дейтін жан айқайын еститін уақыт жетті. Өзге дін бір ғана иегова болмай тұр

«Қойшы-ей, Мыжбан, әкім болсаң қайтейін!» - бір оқып шыққанда адамдар арасындағы қарым-қатынас, бауырмалдық жайында тәрізді. Бала күнгі сыныптас достардың, яғни облыс әкімі дәрежесіне жеткен Мыжбан мен әлдебір бизнесменге жанын жалдап, күн көріп жүрген  Тыжбанның кездесуі, өзара диалогтары бүгінгі уақыттағы билікке қолы жеткендер мен қарапайым еңбек адамдарының арасындағы байланыстың қандай деңгейде тұрғанын дәлелдей түседі. Өмір өзен жағалауының бергі бетінде қалып, арғы бетке өте алмай қалған Тыжбан арадағы кикілжіңге күйініп кетіп: «ұстама деймін, кісіліктерің жұғып кетеді. ...танысыңа миллиондап беріп, әкім болғаныңа түкірдім. Сендер өз құлқындарыңның құлдарысыңдар!», -деген райдағы қатқыл пікірін тым батыл және бір кездегі парталасы ретіндебатырып-ақ айтады. Ақиқат шындықтың бірі – қарапайым халық пен билік жүйесінің ара-жігі бөлініп барады, көп жағдайда билікке жетудің жолы пара арқылы шешіліп жататыны там-тұмдап болса кездесіп жатады. Жазушы Шерім - осы індетке қарсы құрал­ды сатирадан іздейді, билік - сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті он соқ­­қымен шешкісі келеді, жазушы - жемқорлықты әшкерелеу арқылы тоқтат­қысы келеді, кім жеңетінін уақыт көрсетеді, екі жолдың  қайсысы дұрыс екені уақыт еншісінде.

М.Шерім шығармашылығы жайында жазылған зерттеулер тым көп деп айта алмаймыз, алайда сықақшы жазушының «Кешіріңіз, сіз есек емессіз» деп аталатын төртінші томына алғысөз ретінде жазылған Толымбек Әлім­бекұлының «Мұхтардың күлкісінде мұң бар» деп аталатын шағын ғана зерттеуі ерекше назар аударарлықтай. Өзі де белгілі сатирик, әлденеше кітаптың авторы Т.Әлімбекұлы өз әріптесінің талант қырын тап басып көрсетеді. «Мұхтардың әзіл-сықақ әңгімелері таза сатира. Олай деуіміздің сыры – оның скетчтері мен әңгімелері тек бар нәрседен сарказмнен құралған. Жалпы, өмірден алынған күлкілі жағдай ғана иланымды. Ойланып оқыған адамның Мұхтардың күлкілерінде мұң бар екенін сезуі тиіс»,-дейді. (8.3.) Ел ішінде, қалың қауым ортасында үнемі белсенді әрекетімен көзге түсіп жүретін Шерім шығармалары жалаң ойдан ада, шынайылығы басым, күнделікті өмір шындығын тілге тиек етеді. Сатирик суреттеуіндегі кез-келген оқиға күдік тудырмайды, ал енді басты айтпағымыз «Мұхтар күлкісіндегі мұң бар» екендігі. «Адам болып дүниеге келген соң, менің де алқаш болғым келді. Ішіп алып қызып жүргім келді, еңбектеп қара жерді сызып жүргім келді», - дейтін Шерім кейіпкерінің іс-әрекеті күлкіліден гөрі мұңға тұнып тұр десе де болғандай. «Енді ішпеймін» деген тақырыптағы сықақ әңгіменің бас кейіпкері Мыжекең (Мыжбан ғой баяғы – Н.Н.) «Бүгінде қыздар да қызып жүретінді шығарды. Ішуден қашпайды, ішсе, жаман қылық бастайды!» - деп бір түйреп өтеді. Иә, бұл күлетін оқиға болмай тұр, керісінше қазақ басына айырықша төніп келген қайғы, мұң бар деуіміздің себебі осы.

Мұхтар Шерім қаламы батыл, шығармаларының формалары да әр алуан, тіпті көпшілігі сахнаға өзі сұранып тұрады десе де болғандай. Біздің қоғамда дертке айналған қасірет көп, сол себепті де сатира сайыпқыраны жауырды жаба тоқымайды, қаламды батыл сілтейді. Соның дәлелі болатын шығармалар тіпті де жеткілікті. «Қазақстан Республикасы мафиясының «Конституциясы» - осы қатардағы шығарма. Конституция – Ата заң деген ұымдар қандай биік, қасиетті екенін білеміз, ал енді сыбайлас жемқорлық пен мафияның жетегіне түскендердің өз «заңы» бар екенін жазушы өлтіре әшкерелейді. Мафия «Конституциясының» І бөлім, 1-бабындағы: «Қазақстан мафиясы (Мафистан) біртұтас, жабысып қалған, ажырамас, зайырсыз, демократиясыз, құқыққа қақырынып қарайтын, Мафистан мемлекеті болып табылады» (8.77.) – деген анықтама-заңдылықтар жай оқырманды ғана емес, билік жүйесін, соның ішінде құқық қорғау саласын да, әсіресе Ата заңның орындалуын қадағалайтын органдарды тік тұрғызатындай зілді. Мұндай батылдыққа екінің бірі бара бермейді.

Мұхтар Шерімнің аудиториялық кеңістігі мол, тым жоғарыда, билік басындағы биік креслода отырғандардан бастап, бүгінгі заманның «жаңа қазақтарына» дейінгі аралықты түгел қамтиды, арасында қарапайым күй кешіп жүрген мұғалім, дәрігер, жазушы, т.б. сан алуан кәсіп иелерін тақырып аясына сыйғызып алып отырады. Әсіресе сатириктің сын садағына ілінетін кейіпкерлер қатарында прокурор, сот, әкімдер, министрлердің мол болуы қоғам шындығы. Қай тақырыпқа бармасын шындықтан ауытқымай, әрине сатираның заңдылығын бұзбай жазады. Жазушының етене жақын кейіпкерлері Мыжбан, Тыжбан, Қатипаш, Әпек, Тәпек, Ойбике, Қойбикелердің бойындағы сан алуан «қасиетті» оқыған адам ойлануға тиісті, өзі, өзінің іс-әрекеті жайлы жазылғанды оқығандардың ойланбауға хақы жоқ. Сатирик Шерімнің бір дәрігер бас кейіпкері «Мынау қашан өлген?» - деп қасқайып тұр, сұрағының сықпыты солай. Қандай қорқынышты, мұңға, қайғыға батыратын-ақ қорқынышты сұрақ. Қойылған сұрақтың жауабы төмендегідей: «Кешеге дейін дәріге ақша бермеді. Шыдамсыз екен, өле салыпты». Мұны айтып тұрған әр аурудан «отыз мың теңге» талап етіп отырған бас дәрігердің орынбасары Мәндірбаев. Әрине, бүкіл дәрігер атаулыға күйе жағу жараспас, бірақ, бірақ, сатирик сипаттаған жағдайлардың қоғамда там-тұмдап болса кезігетіні рас, өзімізді осылайша жұбатамыз, алайда сондай сұмдықтың жиі-жиі етек алуы да өріс алып барады. Сатирик жазушы – кері кеткен қоғамның санитары, ол қоғамның әр қатпарында болып жатқан «кеселді, кесірді» дер кезінде байқап, емдеуге, әшкере етуге ұмтылады.

Шерім шығармашылығының басты қасиетінің бірі шыншылдығында және сол шындықты батыл айта білуінде екенін жоғарыда бірер рет атап өттік. Өкініштісі сол мұндай қасиет қазіргі дәуірдегі жазушы қауымында жеткіліксіз, керісінше мадақ әңгіме арқылы жантықтыққа жақындар көбейіп тұр. Жазушы Шерім шығармаларында батыл әшкереленіп жататын құбылыстың бірі рухани мүгедектік пен мәңгүрттік секілді қалың қазақ баласының қас жаулары екенін анық аңғаруға болады. Соның бір дәлел боларлықтай мысалын «Маркес, сен кім едің?» - деген тақырыппен жазылған сықақ әңгіме. Сатириктің сүйікті кейіпкері Мыжбан Мәндірбайұлы бұл шығармада әкімдік қызметке тағайындалады. Әкімдікке қолы жеткендерге әркім-ақ үйір, солардың бір парасы журналистер қауымы екені де жасырын емес. Демек, әкім Мыжбан Мәндірбайұлы теледидар журналисі мен операторы ортаға алып қойған сұрақтарға шама-шарқынша жауап береді. Қойылған сұрақтарға берілген жауаптардың сұрқы төмендегідей: Қазтуған мен Доспамбет жырауларды бүгінгі депутаттардың бірі деп түсінетін әкімнің оқыған кітаптары СССР тарихы, алгебра болып шығады. Ал енді Колумбияның атақты жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Габриель Гарсие Маркестің кім екенін білмегенімен тұрмай, «тілші ханым, маған  Маркестің керегі не? Кім ол маған? Көк тиын! Танымаймын да, танығым да келмейді. Немене, мені Бразилияның немесе Колумбияның губернаторы деп пе едің? Мен әдебиет ауданының әкім емеспін. Мен өзіміздің Мұхтар Шахановты білемін! Жақсы термеші, жырау», - деп тым қатты-ақ кетеді. Мыжбан Мәндірбаев сынды әкімдік билікке қол жеткізген лауазым иесінің ұстанымы мынау: «менің Маркесім – халқым! Менің маркесім – бизнесім! Менің Маркесім – парламенттегі достарым!»(8.52.).

Шерім шығармашылығы жайлы жазылған зерттеуімізді түйіндей түссек. Сатирик-жазушының қалам қуаты кемел шағында тұр, әдебиет әлеміне келген күнінен бастап бір сәт те тынбай бюрократ, жемқор, парақор, рухани мүгедек, мәңгүрттермен күрес майданын ашқан жазушының бұл жолда жеңіске жететініне сенім мол. Жазушы өзінің еңбек жолын бастаған «Оңтүстік Қазақстан» газетінде істеген жылдарынан бастап, республикалық «Ара» журналында да талай рет атой салды. Қазақ халқының азат ел, тәуелсіз мемлекет болған жылдарында да алған бағытынан қайтпай «Жұдырық», «Барыс» атты газеттер шығарып, күрес жолын таңдаған Шерімнің шығармаларын сүйіп оқитын оқырман, сағнада сөйлететін актерлер аз емес. Осы ретте жазушының шығармашылығы жайында үнемі жанашырлықпен пікір айтып отыратын ұстазы, белгілі сатирик Үмбетбай Уайдиннің берген бағасымен ой қорытындылай түссек. «Күлкі атты өнерде Мұхтар да сөз саптау, сатиралық образ (бейне), тип сомдау жағынан біздің байқауымызша бұрынғы-соңғы немесе ілгері-кейінді келе жатқан сықақшыларды қайталамайды» (9.4.). Өз жолымен, өз соқпағымен, өзі таңдаған күрес жолымен келе жатқан Мұхтар Шерімнің  шығармашылық өнерде алдағы уақытта да табысқа, жеңіске жете беретініне тағы да сенім мол. М.Шерім сынды батыл әрі күрескер, тілі уытты, қайтсем мынау қоғамның жан-жарасын жазамын деп шырылдап жүрген жазушы шығармашылығы жайында жазылған алғашқы зерттеуімізде сыни пікір таластырып, кемшілік іздеуді мақсат еткен жоқпыз.

Бұлай етуіміздің өзіндік себептері де жоқ емес. Соның бірі қоғамдағы кеселді, кесір құбылысты тынбай, үзбей, тіпті басын бәйгеге тігіп жазып келе жатқан жазушыға тағы да «былай жаз» деп жөн көрсетудің реті жоқ. Сонымен қатар жазушышылық өнер, соның ішінде сатира сайыпқырандарының шығармашылық өнері бағаланбауға айналды, оның себебі қоғам да, әдебиет те сын көтере алмайтын халде тұр, яғни сатира алдаспанынын жарқ-жұрқ еткізіп сілтейтін Шерімдерге «теріс қарайтын» болдық. Ал енді сағна төріне шығып ән айтатындар, айтыс аламанына түскен «ақындар» «машина мінуден» жарысқа түсіп жатқан мына қоғамда қолына қалам ұстағалы бері «жемқорлармен» үзбей, ұдайы күрес жүргізіп келе жатқандарға қырын қарайтын күйде тұр. Сондай-сондай себебі көп болып тұрғанда сатира жанрында қалам ұстап жүрген қадау-қадау Мхтар Шерім сынды күлкі генаралдарына шен-шекпен кигізбесек те қастер тұтып, құрметтеп жүрейік. Жазғанына сын айтудың орнына астарына терең бойлап, болып жатқан, келе жатқан қауіп-қатерден шығатын жолды бірге іздейік, сонда ғана сатира өнерінің сын садағы дөп тиіп, жазушы еңбегіні зая кетпегені.

Нариман Нұрпейісов,

Филология ғылымдарының кандидаты,

Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі.

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік

                                           университеті қазақ әдебиеті кафедрасының доценті.

 

31.01.2010. Шымкент

 

 

Қазақстан жазушылар Одағының 2015 жыл әдеби жыл қорытындысында оқылған баяндама.

СОЛАЙ, САТИРА МЫРЗА...

       Шыны керек, «сатира құрдымға кетті, жерлеп қайттық,  сатира жан тәсілім етті... Обалдағы-ай!» сияқты сұхбаттар мен Үмбетбай Уайдин айтпақшы, сатираға тұтқиылдан шабуылдаушылардан шаршадық. Құлағымыз жауыр болды... Жас тілшілердің де ә дегеннен қоятын сұрағы: «Сатира өмір көшінен неге кешігіп жатыр?» дейді. Осындайда «Осылар сатираны оқиды ма? Әлде, пияз пікір айтушылардың артынан алақайлап жүгіре жөнеледі ме екен?» деген ой саунасына шомыласың... Таң қаласың да, таңдайыңды тақ еткізесің...

   Солай да солай, сатира мырза, мен сізге шындықты айтайын, сатира өлген жоқ, оны ешкім жерге «көмген» де жоқ, сатира, қазақ сатирасы, бүгінгі сатира сапқа тұрғалы қашан! Есесіне сатираны сағынып, қазақы қалжыңдарды құр жібермейтін оқыр­мандар саны арта түсті. Күңкілден гөрі күлкі көбейді. Жыл сайын сатиралық кітаптар жарық көріп, оқырмандарының көзайымына айналып жатыр. Мәселен, былтырдың өзінде  қазақ сатирасы теориясының негізін қалаушы, профессор Темірбек Қожакеевтің жеті томдық таңдамалы шығармалар жинағы жарық көрді.  «Сатира сайда, қазақы қалжың құмда қалды» дейтін ағайындардың құлағына алтын сырға дегіміз келеді. Сексенге секіріп шыққан белгілі сатирик Ғаббас Қабышұлының екі томдық әзіл-сықақ әңгімелер жинағын да  қуанышпен атағым келеді. Қазақ сатирасының классигі Оспанхан Әубәкіровтің 80 жылдығы туған жерінде тойланып, 4 томдық әзіл-сықақ кітабы оқырмандар қолына тиді. «Ойхой, шіркін!» деп қол соғып қоюларыңызға әбден болады, оның бер жағында Шона Смаханұлының 90 жылдығы Алматыда кеңінен аталып, бір томдық таңдамалысы жарыққа шықты. Сондай-ақ, «Шоқ тілді Шона» атты естеліктер кітабы оқырмандарына жол тартты. Сейіт Кенжеахметов пен Қажытай Ілиясұлының 75 жылдығы, Маңғыстаулық сықақшы Әзірбайжан Қонарбаевтың 70 жылдығы тойланды, Қажытайдың 2 томдығы, Әзірбайжанның бір томдық сықақ кітабының тұсауы кесілді. Солай, сатира мырза, күлкінің күбісін пісіп, майын жалап жатырмыз...  Реті келгенде айта кетейін, газет-журналдар мен сайт-порталдарың да сатираны өгейсітпейтінін еске салғым келеді. «Айқын», «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш», «Алматы Ақшамы» газеттері мен «Ұлт», Шын» «Абай», «Бақ» порталдары сатираға есігін айқара ашып, «Ассалаумағалейкум!» деп амандасып тұрады. Бүгінгі сатира бұрынғы сатирадан өзгешерек. Тақырыптарға тайғанақтап құлайсың. Қоғамның ана жерінен де, мына жерінен де күлкі естіледі... Құлағыңды түріп, санаңнан өткізіп, жаза білсең жетіп жатыр!   

  Жаңа заман көшіне ілесіп, сатираның сағын сындырмай келе жатқан ақсақал жазушы, сатираға сонау кеңес заманынан тонның ішкі бауындай досы болып алған, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты Ғаббас Қабышұлы жақында ғана сексенге сүйкенді. Сексенге жәй сүйкенген жоқ, сатираның сапында жүрді, қаламын тастамады, бұрқыратып кітаптарын шығарды. Әсіресе, порталдардағы сарказммен суарылған өткір мақалаларын ойлы оқырман іздеп жүріп оқыды. Өзінен кейінгі шәкірттеріне адал, ағалық ілтипатын үнемі  үкілеп жеткізіп отыратын Ғабекеңнің таңдамалы жинағын оқып отырып, сатирада салған айшықты іздерін анық көресің. Бірақ   сатираға салқын қабақпен қарап, желкесін көрсетіп, тап бір әдебиеттің тоқалынан туғандай өгейсітетін ағайындардың да бар екенін жасырмаймыз. Бұл жөнінде Ғаббас ағаның маған жазған үшбу хатынан үзінді келтірейін: «Жасым 70-ке  толардан екі жыл бұрын, 2003-жылы, сол кездегі Баспа министрлігімізге хат жазып, әзіл-сықақ әңгімелерімнің екі томдығын  шығарып  беруді  өтініп  едім,  соны былтыр, 79 жасымда, шығарып, 80 жылдығыма тарту етті. Жанрына қарай жабдығы ғой, ол екі томдығым әлгі: көбіксөзшілдік, көзбояушылық, мақтаншақтық, суайттық, уәдешілдік, парақорлық, жемқорлық, зинақорлық, өсекшілдік, арызқойшылдық, тағы басқа атаңанәлетшілдіктер туралы «ән мен жырға» толы.

         Одан  кейін өзім туып-өскен өңірдің - Шығыс Қазақстанның  обләкімдігі жерлес ақын-жазушыларының кітаптарын шығаруға кірісіп, «Алтай-Ертіс» атты топтама жасап, ол тізімге мені де іліктіріп, «Шығармаларының 1-томы» деп әзіл-сықақтарымның біразын сыйғызып, әдемі кітап етіп беріп жіберіпті. Ол да былтыр. Қуанып, 1-ден кейін 2 болатынына сеніп, су жаңа әңгімелерім, ескі пародияларым мен памфлеттерім, тіпті фельетондарым барын айтып, соларды  2- ші томым етіп беруді өтіндім, бірақ «1-том» дегендері әзілдері болса керек, әліге дейін ләм-мимсіз.

    Содан кейін аударма ауылымды аралап кетсем: арғы-бергі шет елдер әдебиетінің күлкі керуенінен кеңшілік кезде алып қалған роман, хикаят,  әңгіме атаулының өзі топ-толық екі томға жетіп артылады екен. 80 жылдығымның алдында соларды бір сәндеп шығартып алуға құлшынып, бір жыл бұрын Мәдениет министрлігімізге хат жолдадым ғой. Обалы кәне, министр А. Мұхамедиұлы мырзадан: «Сіз уақтылы дайындап берсеңіз, біз де уақтылы шығарып береміз» деген дені дұп-дұрыс жауап келді. «Ан-арыс» баспамыздың «қазанында пісіп, былқып» тұрған екі томдығымды табаққа салып бере қойдық. Арада айлар өтті, сөйтіп, Астанадан, не дегенмен солтүстік жақ қой, әлгі талай ақын-жазушыны сорттап отыратын «Тендер» деген төрешіктің біздің де табағымызды теуіп төңкеріп тастағаны туралы ызғырық хабар келді. Е, мейілдері, «қазаншының еркі бар... құлақ шығармай қоюға да» дей салдым.»       Солай да солай, сатира мырза, Ғаббас Қабышұлы  тағы да таңдамалы томдығына тапсырыс берсе, шенеунік мырзалар 99 жасында шығарып бере ме екен, қайтер екен?

    Біз шынында аз халықпыз, сатириктерді айтамын. Территориясы мен халқы аз Ватикан мемлекеті сияқты... Бірақ Рим папасын мұқым дүние біледі ғой. Сол сияқты сатира елінде елімізге белгілі сатириктеріміз баршылық.  Бүгінгі сатираның күлкі маршалы болып Ғаббас ақсақал қасқайып тұрса, қатарында генералдары Үмбетбай Уайдин, Көпен Әмірбек, Мыңбай Рәш, Абдрахман Асылбек, сарбаздары Толымбек Әлімбекұлы, Берік Садыр, Еркін Жаппасұлы, Төрежан Мәндібай, Алпысбай Боранбай, Ермахан Шайқыұлы, Кемелбек Шаматай, Қабдырахман Отарбай, Үміт Зұлқарова, Нұрсұлтан Оқпан, Базарбек Түкібай, Орынбасар Әлжік, Доқтырхан Тұрлыбек, Нұрлыбек Жұбатқан, ефрейторы болып елпеңдеп  өзім жүрмін...  Бұл тізімді сағыздай соза беруге де болады. Бірақ мәселе тізімде емес, оның ізінде болып отыр. Із демекші, белгілі сатирик Көпен Әмірбек күлкі ішінен «түлкі атып» жүрген Үмбетбай Уайдин туралы «Із» тақырыбында қалжыңның қуырдағына араласып піскендей әдемі сұхбат жариялаған болатын.  Сатирада ізі бадырайып, «мен мұндалап» көрініп  жатқан Үмбетбай ақсақалдың да әлі шаршамағаны, қайта қатайып, күлкінің қымызын сорапта-ап ішіп келе жатқаны көңіл қуантады. Аракідік болса да, баспасөз беттерінде  сатира жайлы сараптап, мақалалар жазып тұрады. Былтыр «Үмбетбай Уайдин» атты кітабын жарыққа шығарып, «мен мұндамын!» дегендей үн шығарып қойды. Әлі де жазары көп, тек соңғы кездері аяғының сырқырап жүргені болмаса... Өткенде телефон арқылы сөйлескенімде солай деп еді, әзілдеп: «Аға, сатираны аяқпен жазбайсыз ғой, қолмен жазатын сатираңызды сағындық...» деп әзілдедім. Ішімнен... Солай, сатира мырза, біздің генерал сатириктер «күлкі блиндажында» қарап жатқан жоқ!

    Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, өзімізше Күлкі министрі аталып кеткен көк көз Көпен Әмірбектің «тыныш жүрмейтіні» қуантады. Сатираның, бақилық болып кеткен классик сатириктеріміздің нағыз жоқтаушысы, шырақшысы десем тілім кеуіп қалмас деп ойлаймын. Садықбек Адамбеков атындағы байқауды Шымкентте дүрілдетіп өткізді. Көпекең көзілдірігін бір киіп, бір шешіп жүріп, «Ара» газетіндегі сатира қазанын бір кісідей-ақ қайнатып келеді. Жүз жылдық тарихы бар саяси сатиралық «Ара» журналы былтырғы сәуір айынан бастап «Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Айқын» газетінің ішінен айына екі рет 16 бет болып үздіксіз шығып келе жатқанын білесіздер. «Реанимацияда» жатқан фельетон жанры «палатаға» ауыстырылып, тіпті сауығып кетті! Жемқорлар, парақорлар туралы нақты фактілерге суарылған от фельетондар жарқырай шығып келеді. Жаңа бағыт, жаңа формат ұстанған «Араның» сатираға сіңірген еңбегі зор, тек  «әттеген-айы» сол– фельетонға шенеуніктер шляпасын да шешпейді... Несі бар, есесіне мыңдаған оқырман жемқорларды танып, сыртынан күліп, келемеждеп жатады... Көңілсіз кейіпкерлеріміз іштен тынып, түнімен тыпыршып, ұйқысы қашып, «ужас» деген түстер көріп, «Ара, ара!» деп шошып оянатын көрінеді. Осы да жетеді бізге... дейміз біз.   Көпен Әмірбек «Араның»  басы –қасында жүріп-ақ, былтыр «Көрмейін десем, көзім бар» атты әзіл-сықақ, пародия, эпиграммалар жинағын жарыққа шығарды. Сатиралық өлеңдері мен мысалдары топтастырылған жинақ Көпеннің жаңа тынысын ашады. Сұхбаттары мен естеліктерін қат-қаттап жинап, биыл «Сөйле десең, сөйлейінді» қолымызға ұстатты. Теледидарда «Көз көрген» хабарын ашып, сатириктерді жанына жинады. Солай, сатира мырза, бізге көңілі толмайтындарға ренжімеңіз,  көңіл «кранымыз» әжептеуір көтіріліп қалыпты. Бұған да шүкір.

   Биыл белгілі сатирик Еркін Жаппасұлы алпысты «қылғындырды»... Еркіннің де сатирада ерігіп жүрмейтінін білеміз... «Қалжың қалтасына» қапа болып жүрген ешкімді көрмейміз. Ал, сатирик Берік Садыр мырзаның да алпыстың ауылына ат шалдырғанын білеміз. Берік шын мәнінде жазудан жалыққан емес, күнделікті баспасөз беттерінде сатиралары бұрқ-сарқ қайнап жатады. Белгілі сатирик Толымбек Әлімбекұлы да «жоғалып» кетпепті, «Нетіп, неғыламын...» атты сатиралық өлеңдер кітабын жарыққа шығарды. Қызылордалық «қып-қызыл» сатирик Орынбасар Әлжік «Есік көрген еркек», «Өйдөйт!», «Әйда, күлә!» кітаптарымен күлкі қорын молайтып-ақ тастады. Өздеріңіз білесіздер, сатириктердің бір ортақ кемшілігі бар. Енді интернет деген деген  ғасыр ғажайыбына тек тамсанып қана жүрміз. Кітап шығарып, оны оқырман оқи салудың өзі қиын заманда интернеттегі порталдар мен әлеуметтік желілер сатириктер үшін  «тегін кітап» емес пе? Қысқа да нұсқа жазсаң, мыңдаған оқырман оқиды, пікірін жазып жатады. Өз басым, әлеуметтк желілерді баяғыдан бағындырып алғанмын, «Мұхтар Шерім күлкісі» атты сатиралық сайтым да бар. «Абай», Шын» порталдарында, «Фейсбук» желілерінде күн құрғатпаймын. Мұны айтып отырған себебім, сатириктеріміздің дені  интернеттің есігін ашқысы келмейді.  Ғаббас Қабышұлы ғана «Абай» порталы­мен амандасып  тұрады. Ия, айтпақшы, ұмытып барады екенмін, «Айқын» газетінің жатыпатары, белгілі сатирик Ермахан Шайқұлы да интернетті шарлап жүр. Ермаханның бір әріптен ғана құралатын әзілдерін интернеттен жиі кездестіремін.  Шуақты, әрлі әзілдерімен жүздеген оқырман жинап отыр. Ол «Жас Алашта» «Бір түрлі бетін» қағындырды, сықақшыларға «Жатақханасын» сағындырды... Өзінің «Той қазына» журналында «Қисық қаламы» тағы бар. Тағы бір есімді атағым келіп отыр. «Фейсбуктың» белсенді авторы, қазақ журналистикасын зерттеуші ғалым, сатирик Қуандық Шамақайды біреу білдіп, біреу білмес. Оның салиқалы сатиралары әлеуметтік желілерде жиі жария­ланады, осының өзі «интернет сатирасын» қалыптас­тырғандай. Солай, сатира мырза, біздер де бір қауым елміз... Тілшілер кім-кімнен сұхбат алмасын: «Кейінгі кезде жас сатириктер бар ма? Тек бұрынғы тізімдерді ғана қайталай береміз бе?» деп жиі сұрайтындары бар. Сары ауыз жас сатирик Нұрсұлтан Оқпанұлын оқимын. Сатирасы салмақты, тақырып жағынан тек әлеуметтік мәселелерді мүйіздейді... Одан өзге жастарды көрмей жүрмін. Өйткені, бізде сатираны насихаттау, сатираға қатысты іс-шаралар ұйымдастыру құмға су құйғанмен бірдей... Осыған бағыттас «Біз тоқалдан туған жоқпыз...» деген мақала жазып, әлеуметтік желілерде жариялағанмын. Шындықтың шыбыртқысын қолымызға алсақ, шынында, әдебиеттің бір пұшпағы сатираны ұмытып кете береміз. Мүйізі қарағайдай ақын жазушыларымыз сараптамалық мақала жаза қалса, «осылардың көңілі қалмасыншы...» деген нәрсіз ниетпен қысқа ғана қайыра салады. Әдеби талдауларда сатириктердің аты-жөндері аталмайды да... Тап бір әдебиет «шпионы» сияқтымыз. Жазушылардың сьезі сияқты үлкен мінберлерде еске түспейміз... Сыйлықтардан да сықақшылардың дені сыбағасыз жүр... Кейбір ақын-жазушылардың «тізесіне дейін тағылатын» темір терсек-медальдарды айтпағанның өзінде... Осыдан келіп жас буын сатираға қалай келсін?  Сатира есігін кешеуілдеп қаққан «жас сатириктердің» қатарында Қабдырахман Отарбай мен Кемелбек Шаматай бар.  Қабдырахман менің шамалауымша қырықтан асқан, Кемелбек Шаматай «азу тісін айға білеген» ақсақалымыз. Қабдырахманның сатирасы Әзиз Несинді еске түсіренді.  Шона Смаханұлы атындағы сыйлықтың лауреаты Кемелбек Шаматай кемеліне келген сықақшы, айтар ойы салмақты, сатира жанрын жақсы меңгерген,  өзі жазғандай:  Бұл ағаңыз қызық:

Көңілін әлдене бұзып,

Тонын отқа жақпақ боп тастап кетіпті.

Өзгелер оған

«Тоныңды құтқар! – деп,

Қақсап нетіпті!

Бар болғаны,

Көптен де кө-ө-өп жылдар

Өтіп кетіпті.

Ағаңыз ақыры

Махаббатын сүйікті

Тастай алмасын біліпті.

Біліпті де

Баяғы тонын қайта киіпті...–деген жолдарды оқып отырып, «Сатираға хош келдіңіз, Кемелбек аға!» дегім келеді.

    Кемекеңнің биыл «Қандауыр», «Неге ояттыңдар?» атты кітаптары жарық көріп, оқырмандарын күлкіге қарық қылып жатыр. Солай, сатира мырза, сатирадан көшіп кеткендер де бар, кейін келіп, өсіп кеткендер де бар. Айтпасақ, ауыздан абырой кетеді демекші, саяси сатира сирағын да көрсетпей келеді. Олай дейтініміз, сықақшылар саяси сатираға ауыз сала бермейді. Тістері  түсіп қалатындай қорқады... Іш-сыртымызды ұғып қарасаңыз да, жан-жағыңызға бұғып қарасаңыз да саяси сатираға сұранып тұрған тақырыптар көп. Бізді келемеждегіш Боратты, Қазақстан десе жыны қозып шыға келетін  Жириновскийді сатирамен түйреп, кітап етіп шығаратын кім бар? Солай, сатира мырза, саяси сатира ұйықтап жатыр. Әзірге оянар емес...

  Сатираның салатынан ауыз тиіп, бірнеше кітаптардың авторы болған сықақшылар Алматы мен Астанада тұрмаса, Қазақстан жазушылар одағына мүшелікке өтпейтін сияқты... Кітаптары сегізден секіріп кетсе де жазушылар одағының мүшесі емес сатирик ініміз Ақтөбе қаласында тұрады. Әзіл-оспақ театры бар, облыстық драма театрының директоры. Лауазымын «лимузин» дей  салайықшы, бізге керегі сатириктің әлі күнге дейін жазушылар одағына мүше еместігі... Сонда дейміз-ау, «Айгүлге», «Айзатқа» «Айзадаға», «Аршагүлге», «Баршагүлге», «Тарыгүлге», «Сарыгүлге», «Бұрынғы әйеліме», «Кейінгі әйеліме», «Ендігі әйеліме»...  «О дүниедеге енеме», «Әлі тірі енеме» сияқты тек арнаулардан тұратын өлеңсымақтарымен алабажақ ақындар жазушылар одағына өтіп кетеді де, сатирасы қышқыл Нұрлыбек Жұбатқанның  жазушылар одағына алпыстан асқан соң мүше болғаны қалды ма? Маңғыстаулық сықақшы, 6 кітаптың авторы Ерекен Қорабаевты, Жетісулық сықақшы, 13 кітаптың авторы Тұрлыхан Кәрімді, Алматылық сықақшы, «Ара» журналында өткір фельетондарымен танылғаны үшін Шона Смаханұлы атындағы сыйлықты иеленген, 4 кітаптың авторы Кемелбек Шаматайды Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылдау жағын қарастыру керек. Мұндай мысалдарды айта берсек, ауыздан ұят... Солай сатира мырза, ұялатын кезіміз енді келді...

     Қазақ қалжыңқой халық. Күллі әлемнің күлкісін оқимыз да, өз күлкімізді шетелдерге шығара алмайтынымыз қынжылтады. Көркем аудармамен айналысатын ағайындар сатираға көз жұма қарайды. Қазақ күлкісінің королі Оспанхан Әубәкіровтің, Үмбетбай Уайдин, Ғаббас Қабышұлының шығармаларын Түркияда, Қытайда тағы басқа шет елдерде кітап етіп бастырып, қазақ күлкісін насихаттауда не кедергі?

    Тағы да қайталап айтайын, сатираны насихаттау жағы жер астына түсіп кеткендей...  Алашқа белгілі сатирик ақсақалымыз Ғаббас Қабышұлы сексеннің сирағынан ұстады. Әшейінде әншісымақтарды эфирден түсірмейтін тележурналистер сатириктерді студияға шақырса, шаң жұтып, шашалып қалатын сияқты. Жас әншілерді «Астана» арнасының «сырласу» бағдарламасына» апта сайын шақырады, ал Ғаббас ағаны шақырса, салиқалы сұхбат шығар еді деп ойлаймын.  Осындайда еске түседі, бізді, сатириктерді айтамын, телеарналар тек бірінші сәуір–Күлкі күні ғана іздеген болады... Сөз соңында айтарым, бір-бірімізді іздеп жүрейік, ағайын! Күлкіге күңкілдемейік...

Мұхтар ШЕРІМ,

Шона Смаханұлы атындағы сыйлықтың

лауреаты, жазушы-сықақшы.

САТИРА МЫҢБАЙ РӘШ ПЕН ҮМБЕТБАЙ УАЙДИНДЕРДІҢ ҒАНА ЕНШІСІ ЕМЕС

 

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Қарап отырсақ, соңғы кездері жастар салмақты сатираға көше бастаған сияқты. Қабдырахман Отарбай деген бір жас жігіт шықты. Одан кейін Мұхтар Шерім бар. Бұлардың стилінде өзгешелік бар. Нақты объектісі де бар. Қоғамның дертін көзге шұқып тұрып, адамның жанын ауыртып жазады. Содан кейін Тұрсынжан Шапайдың «Қазақтың жаны» деген кітабы осыдан оншақты жыл бұрын шығып еді. Өткенде қарап отырсақ, соның ішінде де сатиралық сипаттағы шығармалар бар екен. Осы тұрғыдан келгенде сатирамыз сапалық тұрғыдан өсейін деп те тұрған сияқты.

Әміржан ҚОСАНОВ: Әзіл-күлкі туралы.
Бір жақсы досым белгісіздеу бір сырқатқа ұшырап, бармаған жері жоқ. Ресейлік дәрігерлер күніне 30 (!) таблетка ішу керек деп, ем-дом тағайындапты. Шошып кеттік! Содан ретін тауып, Қытайға барды, ондағы мамандар шөптен жасалған дәрі беріп, мынадай "өмір рецептін" беріпті: "Айналаңызда болып жатқан үлкенді-кішілі проблемаларды ойлай бермеңіз, ретсіз уайымға салынбаңыз! Өмірге юмормен қараңыз! Комедиялық кино көріңіз, юмор мен сатира оқыңыз! Бір сөзбен айтқанда, әрбір атқан күнді емен-жарқын, күлкімен қарсы алыңыз". 
Ол сөйте бастады да! Қазір, Құдайға шүкір, дін аман, кешегі сырқатын тіпті ұмытып кетті.
Мен де жастайымнан әзіл-сықақ кітаптарды оқуға, қызықты комедия фильм көргенді жақсы көремін. Олар өмірде болып жатқан түйткілдерге юмормен қарауға көмектеседі. 
Осы ФБ арқылы өзім сырттай жақсы білетін, сыйлайтын, шығармаларын мерзімдік БАҚ-тан оқып жүрген Мұқтар Шерім ағамызбен араласа бастадық. Пікір алысып тұрамыз. Міне, ана жолы оның кітаптарын ФБ-дан көріп қалып, "қай жерден сатып алуға болады?" деп сұрап едім. Бүгін үлкен азаматтық пен жомарттық жасап, өзі жазғандай "Әзіл облысы, Сатира қаласынан" арнайы 5 томдығын маған беріп жіберіпті! Енді біраз уақыт рахаттанып отырып оқитын болдым!
 
 

ҚАЗІР КЕЗ-КЕЛГЕН РЕЖИССЕР, БІРАҚ САТИРАНЫ ТҮСІНІП БАҒАЛАЙ АЛМАЙДЫ...

 

Қойшығұл ЖЫЛҚЫШИЕВ,

«Тамаша» ойын-сауық отауының тұңғыш редакторы.( «Алаш айнасы» газеті, 1.04.2011 жыл.) 

 

– Белгілі сатирик Сейіт Кенжеахметовтің «Күлдіре білу – өнер, күлкі болу –өлім» деген сөзі бар. Осы тұрғыдан қарағанда, бүгінгі сатираның деңгейі сізді

қанағаттандыра ма? Бүгін біз қалай күліп жүрміз?

– Осы әзіл-сықақ театрларының ішінде көпсөзділеу демесек, «Шаншарға» көңілім бұрады. Бізден алғаш рет бөлініп шығып, өз алдына отау құрған, алғашқы аяқалысы қуантқан «Бауыржан-шоу» да тұралап қалды-ау деймін. Қалғандарынікі өткенді шиырлау, жаңалық көре алмай отырмын. Әлгі Лұқпанқызы Әлияны Алматыда кафеге шақырып алып, сосын режиссер Асылбекке де «Тамашаның» форматын өзгертіңдер деп, оның бірнеше жолдарын айтып едім, құлақ аспады, қолдарынан келмеді-ау деймін. Баяғы бір концерттік нөмір, бір сықақпен кезектесіп айдай беретін бағдар-

ла малардан жұрт жалықты. Жалпы, Қазақстанға кәсіби сатира театры керек. Мұнда шартты түрде айтсақ, Шекспирден бастап Шерімовке дейінгі комедиялық, сатиралық дүниелер көрініс тапса, құба-құп. Директорлығына үлкен ұйымдастырушы Тұңғышбай Жаманқұловтың тұлғасы сұранып-ақ тұр.

Бүгінгі сатираның «тісі» жоқ, кәкір-шүкірдің маңайында жүрміз. Сықақ, юмор дегеніңіздің әсері саясатыңызды шайқалақтатып жібереді. Адамдарды қылығына, сөзіне абай болуға үйретеді. Бір ретте – сатира рухани тәрбиеші де. Әркімнің жазғанын талғамай жұтқан редактор, «попугай» болып, не жазылса соны қақылдап орындап беретін ойсыз актерлер сахнадан кетпей,

өнер көгермейді. Жалпы, актерлердің не берсе, соны ойнап, талғамсыздыққа бой ұрып, көрерменіне жеккөрінішті болып бара жатқаны рас.

 

 

 

«САТИРА» САЛАТЫНАН АУЫЗ ТИІҢІЗДЕР...

 

    Қаламы қағынған, Республикамызға танымал жазушы- сықақшы, от ауызды, қазақ сатирасының жоғын жоқтап жүрген, бүгінде өндірте жазып, заман көшінен қалмай, шаршамай келе жатқан Мұхтар Шерімді көзі қарақты, көкірегі ояу қазақтың бәрі біледі десек, артық айтқанымыз емес. «Құдағи құшақтай береді» кітабын былай қойғанда, «төрт томдық сатиралық шығармаларының өзі бір төбе.

    Күлкі күніне қарай Мұхтар Шерімнен сұхбат алудың сәті  түскен еді, бірақ сатириктің өз өтініші бойынша,  бұл сұхбатты Күлкі күнінен кейін жариялап отырмыз... Неге дейсіздер ме? Оқып көріңіздер...

 

--Мұхтар аға, бұл сұхбатымызды әу дегеннен Күлкі күнінен кейін жа­риялау­­ым­ыз­ды өтіндіңіз. Неге?

--«Сатира» салатын дайындап жатыр едім. Салатым екінші сәуірден кейін дай­ын болады. Күлкі құмар оқырмандарым «Сатира» салатынан дәм ауыз ти­мей қалады ма деп қорыққаным ғой...

--Қойыңызшы аға... Күлкіден салат қалай болады?

--Кәдімгі салаттан оңай болады! Оның рецепті оңай болғанымен, жеті күннен кейін жеу керек, аштан өліп бара жатсақ та, жеті күннен кейін... Үшінші сәуір күні  дайын тұрады... Былай ғой, тарелкаға төніп, рахаттана күлесіз. Күлкіңіз тарелкаға түседі. Сосын күлкіні таза сумен жуып,  өтпес пышақпен майдала-ап турайсыз. 400 грамм төгілген күлкіге 200 грам «сарказмды» жұқалап турап, кетпенмен, ой, кешіріңіз, қасықпен араластырып, «Ха-ха-ха!» деген қаймақты сорғалата құйып, «Усойқы» деген қызыл бұрыш қосып, жеті күннен кейін жей бересіз...

--Мына сөзіңізге қарағанда, өмірде де осындай әзілкешсіз бе?

--Жоқ... Қарным ашқанда ғана әзілдеймін... Аш халықпен тоқ шенеуніктер ойнамайды ғой...

--Айтыңызшы, айдалада, қараңғыда алдыңыздан бес бұзақы шығып, қолдарында тапанша, «Мұхтар Шерім сіз бе? Сізге өмір керек пе,  күлкі керек пе?» деп сұраса, қайсысын қалар едіңіз?

--Екеуін де қалар едім...

--Күлкімді келтіріп отырсыз...

--Күлкіңізді кептіргеннен сақтасын...

--Айтыңызшы, сонда да...Қайсысын қалар едіңіз?

--«Қызық кино сияқты» қызық сұрақ екен. Негізінде, сықақшыларға осындай сұрақтар қойылуы керек. Әрине, мен оларға қызық анекдот айтып беремін де, олар шек-сілесі қатып күліп жатқанда, «Күлкі керек, күлкі керек!» деп ішімнен айқайлап, қашып кетер едім.

--Қандай анекдот ол?

--Айтып берейін. Бір арық шыбын мен семіз шыбын дос болыпты. Арық шыбын сұрайды ғой: «Шыбын қарындас, неге арықсыз?» деп. Семіз шыбын айтады: «Мен министрлер мен депутаттар тамақтанғанда, тарелкаларына қонамын. Олардың жұғындысы да жетеді маған... Ал, шыбын ағай, өзіңіз неге арықсыз сонша?» Сонда арық шыбын: «Мен аш-жалаңаш халықтың табақтарына қонамын. Сылдыр су ішіп отырғандары. Жұғындарын жалай бастағанда, ұстап алады да, аяқтарыма жабысқан майлықты да қызғанып, сореп-сореп тастай салады... Содан арықпын...» деген екен...

--Қызық екен. Мұхтар аға, қазіргі сықақшылардан кімдер мықты?

--«Анау мықты жазады, мынау мықты жазады» деп бөліп жаруға қарсымын. Әркімнің өз стилі, өз шама- шарқы, жеткен жері, тоқтаған тоқырауы бар. Ғаббас Қабышев, Үмбетбай Уайдин, Төрежан Мәндібай, Толымбек Әлімбек ағалар мықты. Кейінгі толқыннан  Ермахан Шайхыұлы, Алпысбай Боранбай, Серік Абас-шах, Нұрлыбек Жұбатқандар жарқырап келе жатыр. Өзгелер  болса, заман көшіне ілесе алмай, шаң қауып қалды...

--Саяси сатира жазып жүрсіз. Қорықпайсыз ба?

--Неден қорқайын? Біздің жазып жүргеніміз нақты фактілерге құрылған памфлет немесе фельетон емес.

--Шынымды айтайын ба?

--Айта беріңіз.

--Шынымды айтсам, кейбір «сықақшымын» деп жүргендердің әзіл әңгіме­лерін  оқи бастағаннан, ұйқым келеді де тұрады. Түк тартпайды. Не күле алмайсың, не жылай алмайсың. Оларды да сатирик дейміз бе сонда, Мұх­тар аға?

--Ұйықтатып қоятыны жақсы екен... Енді... Оларды  сатирик емес, «халтурик» дей алмаймыз ғой. Сөзіңнің қырық жаны бар. Сатиралары сайдың ішінде жатқандай, кейіпкерлері арам қатқандай, сөз-сөйлемдерін Құдай атқандай,  қиқым-қоқыс сатира жазғанша, алақандарын жала-ап отыра бергендері артық шығар деп ойлаймын. Бірақ олар өздерін аса «данышпан» санайды. «Мықты­мын» деп ойлайды. Кітап шығарғанның бәрі мықты дейсіз бе?  Жарайды, олар да керек шығар...

--Былтыр мемлекеттік тапсырыспен кітап шығарып, қуанып қалды деп естідік?

--Қуанып жатырмын. «Қашқандар мен қуғандар» атты кітабым шыққан. Саған қолтаңба берейін десем, үш-ақ кітап берген. Қалғанын Құдай қалаған күні береді дейді...

--Сізді Ақтөбеге барып келді дейді...

--Жұрт Америкаға барып келіп жатқанда, менікі мынау тұрған Ақтөбе ғой. «Екі езу» театрының директоры Нұрлыбек Жұбатқан інім шақырды. «Ет жеп кетіңіз» деп емес әрине... Театр тынысымен таныстырды, сатиралық дүниелерім сахнаға қойылды дегендей... Алдағы мамыр айында «Ауылдағы айтқыштар» байқауы өтеді екен, соған төрағалық жасаймын, құдай қаласа...

--Мұхтарлардың бәрі мықты.  Мұхтар Әуезов, Мұхтар Мағауин, Мұхтар Шаханов... сіз өзіңізді сатирадағы мықтымын деп санайсыз ба?

--Ойбай, олай деп атамаңыз! Өзін- өзі «мықтымын» деген жазушы сол күні өлді деген сөз... Мен өзімді ешқашан «мықтымын» деп айта алмаймын! «Мен бұл жазғанымнан да мықты жазуым керек!» деп қана өзімді- өзім қайраймын. Ал, өзгелермен салыстырмаймын. Мұхтар Шерім—ол өзінше Мұхтар Шерім. Сосын «пәленшені мойындаймын, түгеншені мойындамаймын» деп те жатады. Бұл да есалаң түсінік. Оқырманың мойындаса, одан өткен артық бақыт бар ма?

--Атақтарыңыз жоқ сияқты...

--Сияқты да емес, мүлде жоқ. Атаққа аса құмар емеспін. Алаш сыйлығының лауреаты атанып жүргендердің де күлдіріп жүргендері шамалы...

--Интернетке қалайсыз?

--Интернетті «иіскеп» тұрамын. Өте жиі. Күн сайын десем де болады. Интернет және жазушы.  Жазушы интернетті тез меңгерсе, бүгінгі заманның көшіне ілесе білгені. Өкініштісі, интернетті қалай ашуды білмейтін жазушыларды да көріп жүрміз. Өз басым, интернетті бір кісідей ноқталап алдым. Сіздердің «Бақ» сайттарыңыз ұнайды маған. Жылт еткен жаңалықтарды жылдам бересіздер. Кешігіп, есік тоқылдатып тұрмайсыздар.  Бәрімізге еркін блог жүйесін ашып бердіңіздер. Өзімнің де «Қазжурден» «Мұхтар Шерімнің блогы» деген блогым бар.  «Абай кз», «Түркі дүниесі» «Жас алаш», «Айқын» сайттарын үнемі ашып, ішін аралап, тінтіп, ақтарып, шашып отырамын. Кейде түннің бір уағына дейін отырып қаламын.

--Сатириктер бір- біріңізбен араласып тұрасыздар ма?

--Аз халықпыз. Әрине қыз беріп, қыз алысып жатпасақ та, көрінген жерде жабысып қаламыз. Агент арқылы «Ашалау...» деп те жатамыз. Рас, кейде бөлініп алып, бөлек ботқа жейтіндер де бар. Пендешілік қой. Көре­алмаушылық, пасықтық, мықтыларды мойындамау, оны мүлде елемеу арқылы ұпай жинау сияқты «сасық саясат» та жүріп жатады дейді. Өзім ондайды елей бермеймін. Бастысы—оқырмандарың  емес пе?

--Түс көресіз бе?

--Түсімді біреу ұрлап әкетпеген шығар? Көремін әрине. Былтыр Путинді көрдім. Түсімде. Маған ұялы телефонының нөмірін жазып беріп жатыр.  87013252507 дейді. Ояна салып, әлгі нөмірді терсем, арғы жақтан: «Қате тердіңіз, вы набрали не правильный номер...» деген әйел даусын естідім.  «Келесі түсімде Путинді тағы көрермін, сонда жөндеп сұрап алмасам...» деп қоямын... Бірақ Путин түсімді таппай жүр.

--Сіз Шымкент қаласында тіршілік етіп келесіз. Астанаға көшіп келу ойыңызда жоқ па? Сонда мықтылармен араласып, шенеуніктермен қатар отырып шәй ішсеңіз, жазарыңыз көбеймес пе екен деп ойлап отырмын.

--Жазушыға Астанада немесе, Алматыдан шәй ішу мақсат емес. Астанада тұрып та, тым тырыс жүргендер бар. Серік Абас- шах інім де риясыз көңілмен кездескен сайын: «Мәке, Астанаға көшіп келсеңіз, қандай жақсы болар еді!» деп қояды. Әттең, көшіп-ақ барар едім, Шымкентімді қимаймын... Ол жаққа қызметке шақырғандар да болды. Мынадай қанатты сөз бар ғой. «Ақындар ауылда туылып, Астанада өледі..» деген. Менің шығарғаным: «Сықақшылар ауылда туылып, облыс орталығында-ақ өледі...»

--Сөз басында «Сатира салаты» деп қалдыңыз... Дайын болған шығар?

--Әрине! Құрметті менің оқырмандарым! «Сатира» салатынан дәм ауыз тиіңіздер! Күлкі қымызынан ішіңіздер! «Әзіл» омлетінен жеңіздер! Ұялмаң­ыз­дар!

--Мұхтар аға, көңілді салатыңызға да, сұхбатыңызға да рахмет!

Қ. ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ.

 

САТИРАНЫҢ СҰР МЕРГЕНІ

 

 САТИРАНЫҢ СҰР МЕРГЕНІ

11.12.2013 20:49 Болат СЕМБИЕВ, Шымкент қаласы
043
 
 
Мұхтар Шерім! Мен бұл есімді сонау сексенінші жылдардан білемін. 

Мұхтар Шерім! Мен бұл есімді сонау сексенінші жылдардан білемін. Үнемі қадағалап оқимын. Бүгінде сатираның сұр мергені атанған, аты Қазақстанға мәшһүр, талантты да дарынды сатирик-жазушының шығармашылығы туралы филология ғылымдарының кандидаты Нариман Нұрпейісов мырза өзінің «Күлкі туын күрес құралы еткен Мұхтар Шерім» атты ғылыми мақаласында: «Біз білетін Мұхтар Шерімнің өзіне тән ерекшеліктерінің бірі – қысқа әрі нұсқа жазады. Себебі сатира шұбалаңқылықты сүймейді, ол ұзақ-сонар баяндап отыратын әңгіме емес, керісінше, ұзақ баяндауға барған жағдайда өзінің мән-мағынасын әлдеқайда әлсіретіп алады. 

Сатирик Шерімнің айрықша атап өтер­лік басты қасиеттері – батылдығы, өткірлігі, дер кезінде дәуір рухына үн қосып отыра­тын­дығы, түйіндеп айтқанда, ұстаз сатиригі Ғаббас Қабышұлы атап көрсеткендей «қаһармандығы». Біз де сатириктің жаңа ғасыр көкжиегінде болып жатқан сан алуан құбылысты жіті бақылап, дер көзінде көріп, әсіресе, кеселді құбылыстарды бізден бұры­нырақ байқап жатқан көрегендігіне тәнті болдық» деп жазады. Сатира снайпері шы­нында өткір жазады, кез келген оқиғаны немесе мәселені түрлендіріп, шырайын кір­гізіп, қышқылын сеуіп, айызын қандыра жазады. Сондықтан болар, оның әр шығармасын оқырман іздеп жүріп оқиды. Осы кейде таңданып ойға қаламын. Мүйізі қарағайдай деп жүрген сықақшыларымыз бен әзіл-сықақ театрларының жетекшілері сұхбат бере қалса, «Бізде сатира жоқ!» деп ауыздарын құрғақ шөппен сүрте салады. Осы бір сөзге әбден үйреніп алған. Неге десеңіз, олар өздерінен басқа, өзгені оқы­майды. Жуырда ғана Шымкентте сықақ­шылар мүшәйрасының өткені мәлім. Мінберден сөйлеген белгілі сықақшы ақса­қалымыз, халықаралық «Алаш» сыйлығы­ның лауреаты Ғаббас Қабышұлы да: «Сатира жоқ дейсіңдер. Сатира бар. Біреу әншейін осылай айта салған болар, сосын өзгелер іліп әкетіп жатыр. Мұхтар Шерім төрт томдығын шығарды. Сонда сатира жоқ болғаны ма? Газеттерде сатира беттері бар. Оқымайсыңдар. Меніңше, «сатира жоқ» деушілердің Мұхтарды оқымауының өзі – күнә...» деп ағынан жарылды. Иә, Құдайға шүкір, сатира бар. Ол – ешкімге ұқсамай, өз дара жолымен келе жатқан Мұхтар Шерімнің сатирасы. Ең көп оқылатын да осы Мұхтар Шерім! Қазақ әдебиетінің классигі, көрнекті жазушы, драматург Дулат Исабеков алғашқылардың бірі болып, әлдеқашан бағасын беріп қойған: «Мұхтар бүгінгі таңда нөмірі бірінші сатирик!» Ғаббас аға тағы былай жазды: «Мұхтар Шерімнің жазғандары ұнайды маған. Сатирада адалдық танытып келе жатқан осы бала. Қазекеңнің тілінде айт­сам, – «мықтысың!», ежірейген көршіміздің тілінде айтсам, – «молодецсің!» жылмиған көршіміздің тілінде айтсам... ә, олардың «шырпы шимайын» білмейді екенмін ғой, оқасы жоқ, бізден 1 миллион гектар жер алған көрінеді, оны іске жаратуға кемінде бес миллионы жорғалап келер, соның біреуінен үйреніп алып, сонсоң айтармын, жаз шыққанша асықтырмағын. Ал өз тілімде айтсам, Оспанхан қаламын саған беріп кетіпті, соған қуанып, 100 жаса деймін!» 
Әдебиеттің бір пұшпағы – сатираның садағын асынған сықақшының негізгі ерекшелігі – дәлдік. Айтар ойын нысанаға дәл тигізеді. Екінші ерекшелігі – оқиғаны ойната біледі, үшінші ерекшелігі – диалогтары сатира қышқылына малынған... Тағы бір ерекшелігі – тақырыпты тауып қояды. Тақырыбының өзі күлкі іздеп тұрады. Сосын уақытпен ілесе кетеді. Үкіметте бүгін қаралған мәселе, ертең оның сатирасына айналады. Автордың «Неге туа бересіз?» сатирасында мынадай диалог бар: 
– «Жаңадан облыс құрылыпты» деген соң осында көшіп келіп едік... Үй беріле ме деп... Әзірше қасқырдың апанында тұрып жатырмыз...
– Ештеңе етпейді. Ресейде аюдың апанында да тұрып жатқандар бар дейді...
– Қасқырдың апаны суық, жылу, газ, свет жоқ...
– Свет кіргізіп береміз. Тапсырма беремін, – дедім мен.
– Свет жоқ болса да, светке төлеп жатырмыз...
– Қалай сонда?
– Білмеймін, шырағым, әйтеуір айдың аяғында суға, жылуға, светке «кібітәнсия» келіп тұрады...
– Ұятсыз компаниялар! Алпауыттар! Қасқырдың апанынан да ақша алып жатыр десеңізші!
– Жер салығын да төлеп тұрамыз... «Қасқыр апаны аспанда болғанда, төле­мейтін едіңіздер» дейді салықшылар...
Міне, осылай ойнатып жазу – Мұхтар­дың стилі. Мұхтар ешкімге ұқсамайды, өзінің ерекшелігін, әдісін, мәнерін әлдеқа­шан тапқан бақытты жазушы. Лауазым, атақ дегендеріңе пысқырып та қарамайды, ашығын айтсам, қызықпайды. Осыны меңзесе керек, бірде белгілі сазгер Қалдыбек Құрманәлиевтің былай дегені бар:
«Ресейдің кейбір жазушылары мен әртістерінің жинаған атақтарынан көз сүрінеді. Өзімізде де солай... Бірақ оларды жұрт танымайды. Ал Мұхтар Шерімнің іліп алар әдеби атағы жоқ. Бірақ Мұхтар Шерім деген аты-жөнімен-ақ республикамызға әбден танымал...»
Кейінгі буын жас сықақшылар Мұхаңа қатты еліктеп жатады. Бір жағынан бұл заңдылық та болар... М.Шерімнің «Жер басып жүруге болмайды!», «Евромола», «Дым жоқ», «Обшым, адам емессіңдер...» сатирасы – классика! Негізінде, қандай бір жазушы болмасын, шығармаларының биік шыңы болады. Мына дүниелер – Мұхаңның Гималайы. «Евромолада» миллионер өзі өлмей тұрып, мола қаздырып, оны «евроға» айналдырып жатады. Осылай сатираның сөлін тамыза отырып жазу ешкімнің ойына келмесе керек. Бұлай жазу тек Мұхтардың ғана қолынан келді. «Жер басып жүруге болмайды» сатирасы өткірлігімен, әлеумет­тік мәселені мүйіздеуімен құнды. Ауылдан келген аңқау жігітке көшенің әр жерін «жекешелендіріп» алған алаяқтар тыныш­тық бермейді, сол жерде тұрғаны үшін алпыс теңге сұрайды, ол – ол ма, тағы бір жексұрын кейіпкері көп қабатты үйдің подъезін жекешелендіріп алған, ақшасы жоқтар балконға өрмелеп жүр... Сұңқыл­даған әйел: «Былай тұр! Бұл жер менікі! Госактім бар! Мына жер платный! Бір аяқ­тап тұрсаңыз отыз теңге, екі аяқпен тұр­саңыз алпыс теңге!» дейді. Автордың қиялы керемет. Қиялына қанат бітіріп, сатираны жеңіл жазады, түсінікті, күлкілі, мағыналы әрі қысқа жазады... Талантты мойындау да ерлік. Мұқаңды мойындамайтындар ал­дымен өз сатираларын екінші мәрте оқып алсын дегім келеді... Оның кейіп­кер­лері кейде қырсық, қыңыр... «Махаббат иісі» әзіл әңгімесінде кейіпкері былай қыңырая­ды: «Кешіріңіз, жігітпен жүресіз бе?» «Не­мене, жүрмегенде, ыңырануым керек пе?», «Басыңыз бос па? дегенім ғой...», «Бос бол­са, ботқа салып қоймақ­шы­сыз ба?», «Түу, тақылдап тұрсыз ғой?», «Не­мене, ыңқылдап тұруым керек пе?», «Жа­рай­ды...» «Мені жара­майды деп кім айтты?». Осындайда белгілі сыншы Әмірхан Мең­декенің мына пәлсафасы еске түседі: «Мұх­тардың әзіл-сықақ әңгімелерін оқығанда бір рақат­танып қаласың. Ол жазған дүние­лерді қарапайым жұмысшы да, мұғалім де, әкім­қаралар, тіпті министрлер де оқи бе­реді. Мұхтар сонысымен де Мұхтар Шерім!»
Ал сатирадан пәлсапа соққыштар: «Сая­си сатира мүлде жоқ...» дейді. Кеші­ріңіз, Мұхаңның саяси сатирада да өндіртіп жазып жүргенін «байқамай» қалу мүмкін емес.... Қараңыз, саяси сатира мүлде жоқ па? Мұхаңның «О, Обама, обама!», «Саяси саусақ», «Шындық қайтыс болып кетті», «Ертегілер елі жасасын!», «Министрдің үйіне жатып кетсем!», «Президент келе жатыр»«, «Путинді түсімде көрдім!!,» «Жи­риновскийдің жыны келді...», «Парламент­тегі есалаң», «Біздің елде есінеуге болмай­ды...», «Көке, көтеріліске қатысып келемін!» сияқты саяси сатирасы жетерлік! 
Әрине, жазушының барлық шығарма­ларын классика деуден аулақпын. «Әкемнің әйелі Ауғанстанда жүр» сияқты Мұқаңа қимайтын, солғын дүниелер де баршылық. Дегенмен озық дүниелерінің көптігі мұндай кемшіліктерді шаң қаптырып кетіп жатады. 2007 жылы сатириктің төрт томдық шығар­малар жинағы шықты. Әлдекімдер сияқты жалаулатып, тұсаукесер рәсімін де жаса-мады. Кітаптарын насихаттамады да. «Ым­баппа», «Быт-шытыңды шығара-мын!», «Кешіріңіз, сіз есек емессіз..», «Тал­тайып тұр­ғым келеді...» томдықтары аз данамен жарық көрсе де, сатирада осындай төрт томды жарыққа шығарған Мұхаң ғана. Ілгеріде «Құдағи құшақтай береді», «Бюрократпен қоштасу» атты кітаптары жа­рық көрген. 2011 жылы мемлекеттік тап­сырыс арқылы «Қашқандар мен қуғандары» оқырман қолына тиді. 
Талантты сатирикті «Тамаша» ойын-сауық отауының тұңғыш редакторы Қой­шығұл Жылқышиев ағамыз да бағалай біл­ді. Ол кісі «Алаш айнасы» газетіне былай деп жазды: (01.04.2011 жыл.) «Жалпы, Қа­зақстанға кәсіби сатира театры керек. Мұн­да шартты түрде айтсақ, Шекспирден бас­тап Шерімовке дейінгі комедиялық, са­ти­ралық дүниелер көрініс тапса, құба-құп». 
Жарайды, бірді айтып, бірге кетіп қал­дым білемін, айтайын дегенім, Мұхтар Ше­рім кезінде «Тамашада» жарқырай көрінді. Құдайберген Сұлтанбаев, Мейірман Нүрекеев, Уайс Сұлтанғазиндер ол жазған интермедияларды жарқырата орындағанда, көрермендер күлкіге көмілді. Сатириктің өзгелерден өзгешелігі – интернетті бір кісідей жетік біледі. Компьютердің «ауруын» өзі жазып, өзі «установка» жасап, фотошопта әжептеуір коллаждар жасайды. Интернетте ұзақ отырады. Сағаттап десем, жалған айтып отырған жоқпын. Сатиралары «Абай кз», «Ұлт» «Шын» «Бақ» порталдарында, жиі жарияланып тұрады. Фейсбуктің жұл­дызы да. Өзінің жеке сатиралы сайты да бар. «Мұхтар Шерімнің сайты» (www.kulki.jimdo.com) деген. Он төрт мыңнан аса оқырманын көріп, осындай сайт ашқым келгенімді жасырмаймын. Естуімше, бел­гілі блогшы інісі Тимур Бектұр жақын арада электронды кітабын жасауға уәде беріпті. 

 Болат СЕМБИЕВ, 

Шымкент қаласы.

"Айқын" газеті  нөмірі 229 12.12.2013 жыл.

КӘМПИТТЕЙ ТӘТТІ ТІЛЕКТЕР

 

Дулат Исабеков, классик жазушы, драматург, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

« Мұхтар Шерім дәл қазір қазақ сатирасының көшін бастап тұр...»

 

Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ, ақын, журналист, ҚР Президенті Сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының кеңесшісі: (ұялы телефон арқылы)

Мұхтар, өзіңді жиі оқып тұрамын. Қазіргі сатирада жарқырап тұрсың. осы қарқыныңнан тайма.Министрлер жиналып қалғанда өзің туралы әңімеледік. Олар да сенің әзілдеріңді мақтап жатты. Хабарласып тұр.

Қойшығұл ЖЫЛҚЫШИЕВ,

«Тамаша» ойын-сауық отауының тұңғыш редакторы.( «Алаш айнасы» газеті, 1.04.2011 жыл.)

 

Жалпы, Қазақстанға кәсіби сатира театры керек. Мұнда шартты түрде айтсақ, Шекспирден бастап Шерімовке дейінгі комедиялық, сатиралық дүниелер көрініс тапса, құба-құп.

 

Үмбетбай УАЙДИН, белгілі сатирик:

  Күлкі атты өнерде Мұхтарда сөз саптау, сатиралық образ, (бейне) тип сомдау жағынан біздің байқауымызда бұрынғы –соңғы немесе ілгерінді-кейінді келе жатқан сықақшыларды қайталамайды. Мұхтар көзбен көріп, дірілдетіп, қолымен ұстағанын жазады. Және ол шығарманың атын, яғни бас тақырыбын қоюға да шебер...

Ғаббас ҚАБЫШЕВ, белгілі сатирик-жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты:

   Мұхтар, сен, - қазекеңнің тілінде айтсам, - "мықтысың!", ежірейген көрші­міздің тіліде айтсам, - "молодецсің!" , жылмиған көршіміздің тіліде айтсам... ә, олардың "шырпы шимайын" білмейді екенмін ғой,оқасы жоқ, бізден 1 миллион гектар жер алған көрінеді, оны іске жаратуға кемінде бес миллионы жорғалап келер, соның біреуінен үйреніп алып, сонсоң айтармын, жаз шыққанша асықтырмағын. Ал өз тілімде айтсам, Оспанхан қаламын саған беріп кетіпті, соған қуанып, 100 жаса деймін! Ғаббас Қабышев. (Интернеттегі Abai.kz порталында жарық көрген  «Көже ішіп кетіңіз» атты сатирама жазған пікірінен. 24 наурыз, 2011 жыл)

Жарылқасын ДӘУЛЕТ, белгілі сазгер:

 Мұхтар Шерім-- күлкінің генералы. Ол өндіртіп жазады, құбылтып жазады. «Көзі тірі классик « десем де артық айтқандық емес.

 

Қалдыбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ, белгілі сазгер:

 Ресейдің кейбір жазушылары мен әртістерінің жинаған атақтарынан көз сүрінеді. Сахнаға шығарып, таныстыра бастағанда ғана білесің. Ал Мұхтар Шерімнің іліп алар әдеби атағы жоқ. Бірақ Мұхтар Шерім деген аты-жөнімен-ақ республикамызға әбден танымал...

Мархабат БАЙҒҰТ, жазушы, халықаралық  «Алаш» сыйлығының лауре­аты:

  Мұхтардың тілі «хронический қотыр... Ол «Шақ-шұқ» деген сатиралық әңгімесімен-ақ, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетіне қызметке алынған. Түлкібаста аудандық «Шамшырақ» газетінде қызмет істеп жүргенімде, өлеңі мен әзіл әңгімесін алып келген еді. Өлеңі нашар екен, жыртып, күл-қоқысқа тастай салдым. Мені жек көріп тұрды-ау деймін, терлеп кетті. Әзілі әдемі екен, газетке жарияладық. Егер мен өлеңін жыртпағанда, ортанқол ақын болып жүрер ме еді... Қазір дүрдей сықақшы.

 

Әмірхан МЕҢДЕКЕ, белгілі сыншы:

Мұхтардың әзіл-сықақ әңгімелерін оқығанда бір рахаттанып қаласың. Ол жазған дүниелерді қарапайым жұмысшы да, мұғалім де, әкім-қаралар, тіпті министрлер де оқи береді. Мұхтар сонысымен де Мұхтар Шерім!

 

НАриман НҰРПЕЙІСОВ, филология ғылымдарының кандидаты:

   Мұхтар Шерім есімі қазіргі қазақ сатирасындағы белгілі, танымал болып үлгерген тұлғалардың бірі десек артық айтқандық болмас. Тума таланттылығына ізденімпаздығы мен шеберлік қыры сай келіп еңбек етіп жүрген сатирик-жазушының бүгінгі күні төрт томдық шығармалар жинағы жарық көріп үлгерді, бұл сатира жанрында сирек кездесетін еңбекқорлық.     Мұхтар Шерімнің аудиториялық кеңістігі мол, тым жоғарыда, билік басындағы биік креслода отырғандардан бастап, бүгінгі заманның «жаңа қазақтарына» дейінгі аралықты түгел қамтиды, арасында қарапайым күй кешіп жүрген мұғалім, дәрігер, жазушы, т.б. сан алуан кәсіп иелерін тақырып аясына сыйғызып алып отырады. Әсіресе сатириктің сын садағына ілінетін кейіпкерлер қатарында прокурор, сот, әкімдер, министрлердің мол болуы қоғам шындығы.

Бауыржан ОМАРОВ,  «Айқын» газетінің бұрынғы бас редакторы:

«Қазір  «движение» жасайды» әңгімеңді оқып, ішек-сілем қатып отыр. Классика! Мұхтар, сен  ыңғайсызданбай-ақ қой, классиксің!

 Абзал МАМАН: (фейсбкте) 2013 жылдың қазан айының 27 ші жұлдызы жексенбіге келіп,таң атты.Уақытша өлімнен көз ашып, бұл күнді де көргеніме шүкіршілік етіп,демалыс күннің сағаты әдетінше зымырап зулап өте шықты,күйбең тірлікпен кеш те батып,ФБ тіршілігінен хабар алуға келгенмін.Сөйтсем, мен соңғы уақытта қолымнан келгенше әзілін іздеп жүріп оқып,мән беріп,түсіне ұғып оқитын сатирик ағам жазбасын оқыдым,қатты күліп,қазақтың тойы еріксіз көз алдыма келді. Жарайсыз аға дегенім өрескел болар,Рахмет аға дегім келеді,шабыттанудан шаршамаңыз,дәл өзіңіздей емес ғой барша ағамыз... Күлкі өмірді ұзартады деп жатады ғой,күлкі сыйлап өмірімізді ұзартқан болсаңыз,өз өміріңізде дәл өз шығармаңыздағыдай қызықты мәнді,сәнді,және сіздің шығармаңыз арқылы өмірі ұзарған жандарданда ғұмырлы болыңыз,ұзақ жасап,көп жазба қалдырыңыз бүгінге жас өренмен,келер ұрпаққа.Сізді сүйіп оқып,езуі тартыла отырып,ой саларына сенемін мен!Ініңіздің ізгі ниеті деп біліңіз...

Әмзе ҚАЛМЫРЗАЕВ, белгілі ақын:

Мұхтар туа бітті талант иесі. Қазіргі қазақ сатирасында бірінші болып тұр...Заманға ілесе біледі. Өмірде  болып жатқан оқиғаларды сол күні жазып, оқырмандарына жедел ұсына алады.Мәселен, апатқа ұшыраған протон туралы жазған  "Мұртым гүлдеп кетті" сатирасы осының дәлелі.

 

 

 

ОТКУДА НЫНЧЕ РАСТУТ НОГИ У ЮМОРА?

 

Автор Адольф АРЦИШЕВСКИЙ

Источник: http://camonitor.com/archives/5243 Любое использование материалов допускается только при наличии гиперссылки на © camonitor.com

Габбас Кабышев:

" Вы просите шуток? Их нет у меня..."

Также мне очень нравятся пройзведения Мухтара Шерима из Шымкента. Он увлеченнно с любовью сочиняет великолепные рассказы. Мухтар--один тех, кто постоянно дружит с сатирическими театрами...

БҰЛ МЕН ҒОЙ...

МұхШЕР...

менің эл.поштам:Kazah_mukhtar@mail.ru