КӘНЦЕРТ ІШІНДЕГІ КӘНЦЕРТ

 

     Кәнцертте отырмыз. Бала–шағамызбен. «Дөрекібек Мәзболғанұлының  кәнцерті қаламызда өтеді екен» деген күннен бастап, әйелім миымды мипалау етіп жіберген еді. Міне, кәнцертте отырмыз. Әлі басталған жоқ. Жыным келіп, бетімді шапалақпен шарт еткізе ұрып жіберіп едім, жұрт жапа –тармағай шапалақ ұрды. Ия, шапалақ ұрдық. Қайта–қайта. Әлі жоқ. Жыным келіп, екінші бетімді шапалақпен ұрып жіберіп едім, халық қайта–қайта қол шапалақтады. Бір кезде барып, керіліп, кісі болып, әншіміз сахнаға шықты да:

–Неменеге келдіңдер? –деп сұрады. Жым–жыртпыз.

–Сендерді кім шақырды? –деп сұрады Дөрекібек тағы да. Бұл жолы халық шулап кетті.

–Мына  әнші не дейді?

–Неге кетеді екенбіз? Ән айтсаңшы!

–Халықтың арқасында байып алып. Көрер едім, етікші болсаң...

–Өзбектер сияқты мұндайларды елден қуып тастау керек!

–Заң қайда, заң? Өнер туралы заң?

–Ән айтсаңшы, Ән!

   Дөрекібек микрофонды жеп қоярдай талтайып тұр. Тыңдармандарын аяп тұрған жоқ. Жан–жағына менсінбей қарайды. «Ұлы дала баласы ғой...» Бір кезде ұрыса жөнелді:

–«Еріккен сарт есеп шығарады» деген. Неменеге жетісіп келдіңдер а? Үйлеріңдеее отырмайсыңдар ма? Бәрі қымбат заманда... Кәнцерт десе өледі екенсіңдер! Одан да музейге барыңдар! Неге музейге бармайсыңдар, а? Кітапханаларға ше? Менің кәнцертіме жетіп келіпті ғой. Түк көрмегендер десе! Мен тойдым, енді секіріп тұрмын. Ал, неғыласыңдар, кәнсерт бермеймін! Мешітке бармайсыңдар, даусы бар, даусы жоқ әншілердің  кәнцертіне жетіп келесіңдер! Жалаңаш әнші қыздарды құрметтейсіңдер! Намазды құрметтемейсіңдер...  Ал, мешітке барып, садақа беруді ойламайсыңдар да!» деп... Деп ақыл айтып тұрған жоқпын, просто, ана бір ақсақалды айтамын да... маған ақыл айтады өзінше! Көке, сізге айтып отырмын! Жоқ әлде, мен сіздерге "оттың басы, ошақтың қасы", үйдегі проблемаларымды айтып жатырмын ба, ағайын, а? Болмаса сізге «басымда мынанша кредитім бар еді» деп жатырмын ба? Риза емессіз бе, мархабат, тұрыңыз да, шығып кетіңіз ағайын! Өйтіп ренжуіңіз өте орынсыз көке. Ешкім еріккеннен жүрген жоқ."Еріккен сарт... құлағын уқалай береді" деген. Осымен кәнцертіміз аяқталды, келесі кездескенше!

  Зал толы халық ду қол шапалақтады! Сөйтсек, кәнцертке емес, «Кәнцерт ішіндегі кәнцерт» деген спектакльге  келіппіз ғой! Қалай шатасып кеткенбіз, а?

 

 

 

КЕЛІНШЕГІМ КЕТІП ҚАЛДЫ...

 

   Таңертең ырылдап, ой, кешіріңіз, пырылдап ұйықтап жатқанмын. Тұрсам, келіншегім кетіп қалыпты. Дүкенге емес, төркініне. Бір параққа айбақ–сайбақ етіп  хабарлама жазыпты: «Сүмелек! Енді мені ұмыт! Шыдамның да шегі бар!  Қызыңды да ұмытарсың! Пока! Сәлеммен Малың.» «Покасы» несі? Қайтып келетін болғаны ғой? «Малың» дейді. Екеуміз болмашыға ұрысып қалғанымызда  мен «Мал!» деп, ол: «Сүмелек!» деп мазақтасатынбыз.

   Жүрегімді жүн басып, біреу тызылдаған арқамды қасып кеткендей болды. Артынан арсалаңдап бармадым. Бір ай өтті, екі ай, үш ай... Тілі былдырлап шығып келе жатқан қызымды, шынымды айтсам, әйелім екеуміз ұрысқан күндерді де сағына бастадым. Күрсінумен күн, өзімді–өзім құшақтаумен түн өтті. Ұялы телефонына  қоңырау шалсам: «Оның телефоны жанып кеткен немесе басқа байға тиіп кеткен» деген дауысты хабарлама шығады да тұрады. СМС–пен хабар жібердім: «Жаным, малым, кешір мені. Қызымыз үшін кешір мені. Не үшін ұрысқанымыз да есімнен шығып кетіпті, үйге келші... Күн сайын жұмыртқа қуырып жей–жей, күпті болып кеттім... Күтемін сені!». Одан хабар түсті: «Сүмелегім! Қатынсыз қалай екен а? Сауап болыпты! Не, төркінімнің әдіресін ұмытып қалғансың ба?»

 

   Ойбуу, менің келуімді күтіп отыр екен–ау! Үйленгенімізге үш жыл болды, осы үш жыл ішінде үш жүз рет төркініне қашып кетіп, үш жүз рет алып келдім ғой! Неге ұмытайын! Содан базардан келінгшегіме арнап бір тал гүл сатып алып, Газельмен қайын жұртыма зымырайын.  Алдымнан кішкентай ботақаным, әкесінен аумай қалған қызым жүгіріп шықты. Сағынып қалыппын, көзімнен жас шығып кетті.  Қарасам, енем тұр қасымда. Қызы қайтып келгенде кері қуып жіберуіне болады ғой, сонда да болса ұят санап, құшақтап жатырмын.  Қарасам, қасымда қайын атам тұр еңкілдеп. Оны да құшақтап жыладым.  Қарасам, қасымда қара сиыр тұр. Оны да құшақтап...  Құшақтап тұрсам, қарасан келгір бір тал гүлімді жеп қойыпты! Енді бір қарасам, келіншегімді құшақтап тұрмын. Шәй ішіп отырмыз. «Неге ұрысып қалдыңдар осы?» деп сұрайды енем. Келіншегім есіне түсірді, сөйтсем, мен мазақтап тілімді шығарыппын. Бар болғаны сол. Үйге үшеу болып қайттық. Кешкі шәй үстінде ойнап, тілімді шығардым. Келіншеігм үндеген жоқ. Бірақ таңертең тұрсам, келіншегіп кетіп қалыпты!

 

ЖАНЫЫЫМ МЕНІҢ!

 

Әйелім екеуміз тар төсекте тыпыршымай, тыныш жатырмыз... Өйткені, оның да, менің де қолымызда смартфон,  әлеуметтік желідегі, ашығын айтсақ, «Фейсбукке» деген  махаббатымыз маздап  жатыр.

    Бір кезде менің жекеме хат келіп, сыңғыр еткен дауыс шықты. Қарасам, суреті жоқ бір қыз: «Ағай, танысайықшы?» деп мессенджерге  жазыпты.  Дереу: «Давай!» – деп жазып жібердім.

–Атыңыз кім, ағай?

–Абай.

–Жаныңызда кім бар?

–Қатын.

–Сіз кімсіз?

–Ақын.

    Әйелім  смартфонына теріс қарап жатып үңілді де, бұрылмастан:

–Не көріп жатырсың? –деп сұрады.

–Қытайдағы қазақтар туралы... –деп өтіріктен өрік жей салдым, –жаман қысым көрсетіп жатыр екен ғой? Оңбағандар десе! Қандастарымызды болмашы нәрсеге бола соттап жатыр. Өзің не көріп жатырсың, жаным?

–Тортты қалай жеу туралы...

    Бір кезде жекеме:

–Мен сіздің суретіңізді көріп, ғашық болдым, –деген мәтінде хат келді.

–Мен де сізді көруге асық болдым! –деп жазып жатырмын.

–Ағай?

–Әу?

–Маған арнап өлең шығарыңызшы?

–Атың кім сенің?

–Баян.

–Фәмілең?

–Бұрын Есентаева, қазір Алагөзова...

    Селк ете қалдым! Осы бір продюссер апайды күйеуін соттатып жібергені үшін, ашық-шашық жүргені үшін, қазақ тілін шала білетіні үшін, өз өмірін өзгелерге үлгі өткені үшін, аса қадірлей қойматын едім. Жүрегім зу ете қалды. Байғұс Алагөзов мен үшін сотталып кетеді ме деп...

–Қумашы, шынымен Баянсың ба?

–Жоға, «движение» жасап жатқаным ғо... Менің атым– Айда.

–Мына тірлігің жай ма?

–Қалайсыз, махаббатым сізге сай ма?

–Айтшы жаным, саған керегі бай ма?

–Ағай...

–Менің атым Абай!

–Ағай...

–Не, не, не?

–Бетіңізден бір сүйейінші?

–Қайтер екен десем? Құрып кет әрі! Сонда әлеуметтік желі арқылы қалай сүймекшісің? Әлде, смайлик жібересің бе?

 

   Бір кезде әйелім маған қалай аударыла жатып, бетімнен, ернімнен шөпілдете сүйе берді, сүйе берді... 

БҰЛ МЕН ҒОЙ...

МұхШЕР...

менің эл.поштам:Kazah_mukhtar@mail.ru